25 сәуір Қазақстан футболы күні. Айтулы дата қарсаңында бүгін елордада «90+1» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Бұл ел тарихындағы футбол тақырыбына арналған алғашқы көркем фильмдердің бірі.
Туындыны «SBA Enterprise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірді. Режиссері Тимур Дулатов. Басты рөлдерде Қуаныш Керімкұлов, Алмат Сақатов және танымал блогер Артур Асқарұлы ойнайды. Сондай-ақ түсірілімге «Астана» футбол клубының қазіргі ойыншылары қатысқан. Ешкімді бейжай қалдырмайтын фильм көрерменге терең драматургия мен әсерлі футбол сәттерін сыйлайды. Ал Алматы қаласындағы жабық көрсетілімі ертең өтеді. «90+1» фильмі жалпы прокатқа 24 сәуірден бастап шығады.
Қуаныш Керімқұлов, актёр:
- Қазіргі таңда адамзатқа мотивация жетіспейтін уақытта жас ұрпаққа мотивация береді деген ниетпен түсірілген фильм. Мен кезінде футболист болуды армандағанмын. Бірақ ол арман-мақсатым жүзеге аспай қалды. Сондықтан фильмнің мақсаты – мен сияқты армандаушы жас балаларға нәтижеге жетуге болатынын көрсету.
Әділет Омаров, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Кеше ғана Бурабайда өткен Құрылтайда президентіміз Қ. Тоқаев футболға деген ерекше назарды, бүгінгі ұлттық фильмдер түсіруге ерекше назар берген болатын. Осы Ұлттық құрылтайда айтылған дүниелер осы жобада жарық көріп отыр. Бұл жоба арқылы жастар ғана емес, ата-аналарға да үлкен ой салғымыз келеді.
Тегтер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz