RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда ашық аспан астында кітап көрмесі өтті

23.04.2025, 20:30 775

Ұлттық кітап күні аясында Түркістан қаласында да бірнеше мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ. Атап айтқанда, ашық аспан астында кітап көрмесі өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі жанрдағы әдебиет таныстырылды. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери бөлімшесінде облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының жылжымалы бөлімшесі ашылып, сарбаздарға кітаптарға еркін қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылды. Іс-шара аясындағы тағы бір ерекше жоба – «Кітаппен үндесу уақыты» атты жаппай кітап оқу флешмобы. Оған 500-ге жуық оқырман қатысып, бір мезетте әдеби шығармаларды оқып, кітап оқудың маңызын дәріптеді.

Ұлттық кітап күніне орай Түркістандағы №28 мектеп-лицейінде «Оқырман» әдеби клубының жыл қорытындысы өтті. «Оқырман» әдеби клубының мүшелері арасында «Жылдың үздік оқырманы – 2025» номинациясын 7 «Ә» сынып оқушысы Жеңісқызы Нұрай иеленіп, демеушілерінің қолдауымен жүлдеге тігілген велосипедті ұтып алды.

Нұрай Жеңісқызы, 7-сынып оқушысы:

- Кішкентай кезімде де ертегі көп оқитынмын. Анам оқығанды емес, өзім оқығанды ұнататынмын. Кітап оқыған ол менің хоббиім болып кетті. Осы көп кітап оқығанның нәтижесінде мен осындай жетістікке жеттім. Бірінші тұлпарымды алдым. Жыл бас оқырманы болдым.

Бүгінгі күннің негізгі шарасын облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырды. Бір мезетте 500 оқырманның қатысуымен «Кітаппен үндесу уақыты» атты жаппай кітап оқу флешмобы өтті.

Жанат Шардарбекова, облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

- Бір сағаттық кітап оқу акциясын да өткіздік. Ұлттық кітап күні апталық ретінде атап өтті. Апталықтың әр күні өте жоғарғы дәрежеде өтті. Соның бірі кеше Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлескен «Кітап – достық амбассадоры» атты халықаралық семинар өтті.

Одан бөлек, апталық аясында Ұлттық ұланның әскери бөлімінде кітапхананың жылжымалы пункті ашылды. Онда сарбаздардың рухын көтеру және көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту мақсатында Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Александр Бек сияқты әскери жазушылардың шығармалары қойылды.

Төлеген Шыныбеков, әскери бөлімнің командирі:

- Біздің сарбаздарымыз кітап оқып, білім алсын деген мақсатымыз. Кітап оқыған адам бай болады дейді. Демалыс күндері, бос уақытында кітап оқығанын жөн көрдік. Ұсыныс жасап, бұл кісілер қолдап, бүгінгі таңда мыңға жуық кітап әкеліп, жылжымалы кітапхана ашып берді.

Сондай-ақ жиын соңында кітапхананың белсенді оқырмандарына 100 кітап сыйға берілді. Шараны ұйымдастырушылар: «Басты миссиямыз – кітапты насихаттап, руханиятты дәріптеу», – дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz