RU
Толық нұсқаға өту

Әмірлікте VII халықаралық Мәдениет саммиті өтті

28.04.2025, 21:40 564

Әбу Дабиде VII дүниежүзілік Мәдениет саммиті өтті, деп хабарлайды 24KZ. Халықаралық жиынға қатысқан елдің мәдениет және ақпарат министрі: «Мәдениет – бұл тек өткеннің мұрасы емес, диалогтың тетігі, ұрпақтар, ұлттар мен діндер арасындағы көпір», – деді. Аида Балаева Қазақстанда ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени әралуандық үрдісіне тоқталды.

Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан ауқымды іс-шараға әлемнің 90-нан аса мемлекетінен делегат жиналды. Өнер мен мәдениет саласы өкілдерінің басы қосылып, бейбітшілікті нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар талқыланды. Қазақстандық делегацияны бастап келген Аида Балаева министрлер деңгейіндегі кездесуге қатысты. Форумда жасанды зерденің мәдениет пен адам шығармашылығына ықпалы және оның құндылығы турасында әңгіме өрбіді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мәдениет бұл тек өткеннің мұрасы емес. Бұл – диалогтың тетігі, ұрпақтар, ұлттар мен діндер арасындағы көпір. Өркендеу дәуірінде де, қиын кезеңдерде де дәл мәдениет рухты көтеріп, шабыттандырып, адамдарды біріктіріп отырды. Бүгінде де ол болашаққа апаратын сенімді тірегіміз әрі елдер арасындағы өзара іс-қимыл тетігі.

Аида Балаева жаһандық тұрақсыздық жағдайында мәдениет саласының маңызы арта түскенін айтты. Мәдениет – осы күні түрлі ұлт пен ұлыс арасында ортақ түсінік қалыптастырушы жүйе. Ал Қазақстанда ғасырлар бойы мәйегі сақталған мәдени әралуандық бар. 100-ден астам этнос өкілі өз тілін, өнерін сақтап, бейбіт күн кешіп келеді. 

Халиль Абдулуахид, мәдениет саласы бойынша сарапшы:

- Креативті адамдар үшін қолайлы мүмкіндік ұсыну арқылы сол елдің оң имиджін қалыптастыруға болады. Біздің мемлекет осы бағытта жұмыс істеп келеді. Өнерпаздардың ықпалымен Әмірліктерге жан-жақтан ағылып мейман келіп жатыр. Бұл оларды шабыттандырады. Экономикаға да пайда әкеледі.

Камал Мусаллам, композитор:

- Джаз жанрында 40-тан астам мемлекетте концерт ұйымдастырдық. Азия және Еуропада болдық. Енді Орталық Азияға, әсіресе Қазақстанда арнайы фестиваль ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бастамамыз жалғасады деген сенімдемін.

Халықаралық басқосу идея алмасу, гуманитарлық бағытта жаңа ынтымақтастық орнату сынды мәселелерді де қамтыды. Мәдениет саласы арқылы бейбітшілікті нығайту бастамалары талқыланды. Айта кетейік, биылғы саммитке түрлі музыка жанрындағы шығарма иелері шақырылды. Креативті индустрияға қажетті қолдау мен нақты мысалдар ұсынылды.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz