Елордада әлемге әйгілі түркітанушы Арминиус Вамберидің еңбегіне арналған көрме өтті, деп хабарлайды 24kz.
XIX ғасырдың басында дүниеге келген венгриялық жиһанкез әрі шығыстанушы Арминиус Вамбери Орталық Азия халқының тарихи мұрасын, әдет-ғұрпын және өмір салтын зерттеген. 1868 жылы «Орталық Азияға саяхат» атты кітабын жариялады және бұл еңбегі батыстың бірнеше тіліне аударылып, кең танымалдылыққа ие болды. Беделді басылымдардың ұзақ жылдар бойы мұрағатта сақтаған мақалалары да келушілер назарына ұсынылды.
Айта кеткен жөн, Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұйымдастырылған іс-шараға Венгрияның Қазақстандағы елшілігі ұйытқы болды.
Отто Иван Рона, Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Арминиус Вамберидің түркітану саласына қосқан үлесі зор. Осынау ғылымның негізін қалаған жандардың бірі деуге болады. Ол Австро-Венгрия монархиясы кезінде дүниеге келген. 12 тілді жетік меңгерген. Мажарстанның Осман патшалығымен, Парсы елімен және Орталық Азиямен байланыс орнатуына елеулі еңбегі сіңген тұлға. Саяхаттап жүріп, барлау қызметі үшін де Ұлыбритания патшайымы Викторияның қолынан Орден алған.
Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы:
- Бүгінгі көтеріліп жатқан мәселе Қазақстан тарихы үшін аса маңызды. Себебі Вамбери өзі аралап, көріп, бірінші рет әлем жұртшылығына біз туралы жақсы деректер берген. «Салтымыз, дәстүріміз, түркі халықтары басқа ешкімге ұқсамайды», - дейді бұлар. Сондай қонақжай, мейірбан деген сияқты.
Тегтер #елорда #Венгрия #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz