Ақтөбедегі Ахтанов атындағы театрда Әлия Молдағұлованың тағдырын бейнелейтін мюзикл-спектакль қойылады, деп хабарлайды 24kz.
Биыл қазақтың батыр қызының туғанына 100 жыл толады. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан мерген қыз – ұлтымыздың мақтанышы. Шығыстың қос шынары – Әлия мен Мәншүкке арналған көркем фильм, ой-толғаулар мен әуезді әндер баршылық. «Бұл жолғы туындының да көрермен көңілінен шығары сөзсіз», - дейді авторлары.
Он сегіз жасында жау қолынан қаза тапқан өжет қыздың өмір жолы қиындыққа толы болды. Әлия сталиндік репрессия кесірінен жеті жасында жетімдіктің ащы дәмін татты. Әкесі Нұрмұхамбетті «халық жауы» деп қудаласа, анасы Маржан 1933 жылы бидай масағын теріп жүргенде күзетші оғынан қаза тапқан. Қойылымда қаршадай қыздың қасіретке толы тағдыры көрсетіледі.
Есләм Нұртазин, қоюшы режиссер:
- Ахтанов театрына, өзіне оң жамбасына келетіндей жаңа пьеса, жаңа либретта, жаңа музыканы жазып шықтық. Бұл – толыққанды мюзикл. Қақтығыс-шайқастарының барлығын біз хореграфиямен, әнмен жеткіземіз.
Әлия қазақтың алғашқы кәсіби теміржолшыларының бірі, нағашы ағасы – Әбубәкір Молдағұловтың қолында өскен. Мәскеуге, кейін Ленинград қаласына оқуға түскенде өзімен бірге ерте кеткен. Батыр қыз Ленинградтағы мектеп-интернатта оқып жүргенде жау қоршауында қалады. Бұғанасы бекімеген жасөспірім алдымен ұшқыштар курсына, кейін мергендер мектебіне өзі сұранған. Әлияның рөлін Ажар Жәрденбекқызы сомдайды.
Ажар Жәрденбекқызы актриса;:
- Маған осы мюзикл-спектаклімізде ең қатты ауыр тиетін сахна – ол Әбубәкір, нағашы ағасымен сахнасы. Өзі бағып-қақты Нұрмұхамбеттің, әкесінің аманат етіп тапсырған қызы. Бірақ сол Әбубәкір ағамыздың айтқанын тыңдамай, өзінің Отаны үшін, рухы үшін өмірі үшін деп Әлия апамыз аттанған болатын.
Әлия 1943 жылдың 23 шілдесінде соғысқа аттанған. Жарты жыл ішінде фашисттік Германияның 80-ге жуық солдаты мен офицерін жойды. Қазақтың қайсар қызы 1944 жылдың 14 қаңтарында Новосокольники маңындағы Насва теміржол станциясы үшін болған ұрыста қаза тапты. Оның ерлігі көпке үлгі болды. Кіндік қаны тамған Қобда ауданының Бұлақ ауылындағы мұражай-үйге, облыстық мемориалды музейіне де қонақтар ағылып жатады.
Жанар Мақсұтова, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейінің директоры:
- Біздерде осы мамыр айының аяғына дейін барлық күндерге кесте толық. Ол тек қана мектеп оқушылары мен студенттері ғана емес, қаланың тұрғындары қаланың қонақтары.
Мемориалды музей батырдың жүз жылдығына орай қайта жарақталды. Әлия Молдағұлованың өмір жолы туралы ақпарат жаңа технологиялардың көмегімен көрсетіледі. Туған ауылы мен қоршаудағы Ленинград, ұрыс даласын диорамалар суреттейді. Қаршадай қыздың жертөледе отырып, сіңілісі Сапураға хат жазып отырған сәті сол қан майданның ортасында тұрғандай әсер қалдырады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе #Әлия МолдағұловаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz