Қазақстандық бишілер Қытайдың беделді би байқауында топ жарды.
Өнерпаздар үш бірдей номинация бойынша Бас жүлде жеңіп алды.Тяньцзинь қаласында өткен сайысқа бірнеше мемлекеттен үздік өнер ұжымдары қатысты.
Петропавлдық қыз-жігіттер жарады. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы 700-ден астам биші қатысқан халықаралық байқауда абсолютті чемпион атанды. Олар 4 түрлі номинация бойынша өнер көрсетіп Қытай, Ресей, Болгария, Чехия, Моңғолиядан келген бишілерден басым түсті.
Ажар Талап, Sensitive би театрының артисі:
- 4 би алып келдік. Оның ішінде балдық би бар, замануи би, қазақ ұлттық биі бар және Еуропа стиліндегі билер бар. Қазақстанның атынан шығу өте жауапкершілігі мол болды. Өйткені бізге сеім артқан адамдар көп. Әсіресе біздің қаланың, облыстың қолдауы өте үлкен болды. Үміті зор болды. Үлкен алғыс білдіреміз. Қытайды мойындаттық деп айтсақ та болады.
«Сенситив» ерекше ұжым. Мұнда есту қабілеті нашар өнерпаздар өнер көрсетеді. соған қарамастан сау қарсыластармен сайысқа түскен. Нәтижесінде команда тарихи жеңіске қол жеткізді. Табандылық пен еңбектің арқасында қалың көрерменді таңдай қаққызды.
Евгений Кузьмин, Sensitive би театрының артисі:
- Бұл жарысқа біздің ұжым ерекше дайындалды. Қытайда алғаш рет өнер көрсетуіміз. Бастапқыда қобалжығанымыз рас. Өйткені қарсыластарымыз өте тәжірибелі командалар еді. Сахнаға шыққан соң жетекшіміздің нұсқауымен өз-өзімізді жинақтап би бағдарламасын сәтті орындап шықтық.
Чемпиондарды Қытайдағы төтенше және өкілетті елші Шахрат Нұрышев арнайы қабылдады. Өнерпаздарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуда мұндай іс- шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Біз сіздермен мақтанамыз. Елімізді халықаралық деңгейде абыройын асқақтатып, намысын қорғап жүрсіздер. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріңіз орасан. Біз оны жақсы білеміз. Сіздердің өнерлеріңіз арқылы Қазақстан әлемге таныла түседі. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін.
Ольга Ростовщикова, Sensitive би театрының көркемдік жетекшісі:
- Тяньцзинь қаласының Сыртқы байланыс жөніндегі департамент басшысымен кездесіп бірқатар келіссөз жүргіздік. Мұнда әлемдегі құлағы нашар еститін азаматтардан құралған жалғыз хор бар екен. Қытай тарапымен бірлесіп жаңа жоба әзірлеуге келістік. Бұл тәжірибе алмасуға бағытталған ерекше жоба болайын деп тұр. Бастапқыда дайындық онлайн өтеді. Алдағы уақытта ұжымды елімізге шақырсақ деген ойымыз бар. Бәрі сәтті болса күз айларында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының үлкен іс-шарасында өнер көрсетуіміз мүмкін.
Фестиваль аясында хореографиялық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Бишілер үздік мамандардың ақыл-кеңесін тыңдап, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ қазақ-қытай арасында мәдени қарым-қатынасты арттыру мақсатында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге жасалды.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #Қазақстан #Қытай #есту қабілеті #бишілер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz