Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Жайық жұртшылығының назарына отандық киноиндустрияның 13 үздік туындысын ұсынады, деп хабарлайды 24kz.
Шоқтығы биік фильмдер шеруі Талғат Теменовтың соғыс тақырыбына арналған «Қара қыз» фильмімен ашылды. Әріптесім Ерденбек Жылқайдарұлы әңгімелейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан онкүндік отандық киноның жетістігін таныстыруды көздейді. «Кинотетарларды жаулап алған, бүгін езу тартып, ертең естен шығатын кассалық комедиялардай емес, бұл фильмдер талғамы биік көрерменге терең ой салады», - дейді ұйымдастырушылар. Тарихтан тағылым, өткеннен өнеге алуға үндейді. Адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Сондай туындының бірі – «Қарақыз» фильмі.
Талғат Теменов, «Қарақыз» фильмінің режиссері:
- Ақжайық менің ата-бабамның, әке-шешемнің өскен, туған жері. Ал мына кино «Қарақыз» Отан соғысында шейіт болған әкелерімізге арналған дүние. Өйткені бұл соғыс қазақ елінің тарихында, тағдырында үлкен рөл атқарады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа 7 қазақ қызы оператор болып аттанған. Өкініштісі олардың біреуі де оралмаған. Фильм кейіпкері Қарақыз да от пен оқтың ортасында жүріп, қиян-кескі ұрыстарды тарих үшін таспалайды. Ең соңында өз сүйгені Асқарбекпен табысады. Жалпы фильм сюжеті майдан мен тылда параллель өріледі. Ұрыс даласында боздақтар сүйем жер үшін қан төксе, ауылда қалғандар «Бәрі де Отан үшін» деген ұранмен тер төгеді. Туындының шынайылығы сонша көзге жас үйіреді.
Дариға Мұштанова, қала тұрғыны:
- Қазақ фильмдері кішкене жақсырақ болса екен деген тілекпен жүрген адам едім. Бүгін іздегенімді тапқандай болып жақсы әсерде тұрмын. Риза болып тұрмын. Талғатқа рахмет! Әсерлі, ойлы, терең мағыналы және жүрекке жақын ешқандай жасандылық жоқ. Қазақша ғана емес, қазақы фильм.
Әсел Мәмбетова, қала тұрғыны:
- Әсіресе, маған соғысқа барған жас жігіттеріміз соғысқа бара сала тәжірибе жоқ қой, өмірлерін қиып жатқан кезде, өзімнің екі атам соғыстан оралған жоқ. Әлі күнге іздеу салып жатырмыз. Сондай толғаныспен, тебіреніспен шығып отырмын. Біраз көзіме жас алдым.
Қазақ киносының онкүндігі алдымен облыс орталығында өтсе, кейін аудан-ауылдарда жалғасады. Мұндағы әрбір кинокартина мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірін таныстырады.
Әділет Омаров, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүкіл елімізді, Қазақстанның бүкіл облысын, ауыл-аудандарын қамтиды деген ойдамыз. Сонымен қатар әр облысқа мейлінше осындай арнайы жобамен барып, сол жобаның режиссерін, актерлерін алып келіп, ол кісілермен бірге шеберлік сыныптары секілді жүзбе-жүз халықпен кездесу ұйымдастырамыз. Жалпы бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен басталған жоба болып табылады. Ақысыз негізде көрсетілетін болады.
Бұған дейін Қарағанды, Жамбыл, СҚО-да өткен Қазақ киносының онкүндігі жыл соңына дейін барлық аймақты қамтымақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап, Б.Жарылғасов
Тегтер #Орал #Қазақ киносыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz