Ақтөбелік студент Әлия Молдағұлова туралы комикс жасады.
Жасанды интеллектінің көмегімен жарық көрген туынды бастауыш сынып оқушыларына арналған.
Батыр қыздың өмір жолын суреттеген Көркемай Елеусіз шығарманы жеңіл әрі қызықты етуге тырысқанын айтады.
Көркемай Елеусіз Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусының студенті. Компьютерлік инженерия мамандығы бойынша білім алып жатқан бойжеткен жасанды интеллектінің мүмкіндігін зерттеп жүр. Заманауи технологияларды шығармашылықты шыңдауға кеңінен қолдануға болады дейді.
Көркемай Елеусіз, студент:
- Өзімнің дағдыларымды жетілдіруге, осы жасанды интелектпен қалай жұмыс істеу керек қандай мүмкіндіктері бар деген сұрақтармен өзіме портфолио ретінде де жасаған болатынмын.
Аниме стилінде жасалған шығарма комикс жанрының талаптарына сай. Түрлі бейнелерге Әлия Молдағұлова туралы қысқаша мәліметтер жазылған. Туған ауылы мен білім алған мектебі, мергендер курсы мен сұрапыл шайқас та бар.
Көркемай Елеусіз, студент:
- Ең алғашқы суретін интернетте жиі кездесетін портретін алған болатынмын. Жүктеп маған осы аниме-манго стилінде, ақ-қара стильде өңдеп бер деп сұрадым. Сол кезде осы нұсқаны ұсынған болатын. Басқа бөлімдерінде промттар, яғни ұсыныстарды өзгеше жазасың. Дәл осы стильде ауылды сипатта, кішкентай кезін сипатта, ағасымен сипатта деген секілді ұсыныстарды жазып сипаттайсың.
Алты беттік «Әлия» комиксын Көркемай Елеусіз бір апта ішінде жасап шыққан. Жасанды интеллектінің көмегімен жарық көрген шығарманы бастауыш сынып оқушыларына көрнекі құрал ретінде ұсынып отыр. Ойын балаларына түсінікті етіп жазылған батыр қыздың ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болады.
Гүлдана Махина, № 23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
- Оқушыларға көрсетіп шықтық. Оқушылар бірден қабылдап алды. Ол жерде барлық Әлия Молдағұлованың жаңа туған кезеңінен бастап өмірден озған барлық сәттерін келтірген оқушы қыз. Барлығы өте жеңіл. Оқушылар қарап шықты. Барлығын ойға түйді деген ойдамын.
Көркемай Елеусіз жаңа жанрдағы алғашқы туындысын Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай жасаған. Болашақта қаһарман жерлесінің тағдыры туралы комиксті толықтырып, бірнеше бөлімін шығаруды көздейді.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #студент #Әлия Молдағұлова #комикс #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz