RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ композиторының камералық шығармалары Германияда шырқалды

06.05.2025, 09:00 649

Германияның Дюссельдорф қаласында композитор Төлеген Мұхамеджановтың әндері шырқалды.

Алғашқы камералық шығармаларынан тұратын авторлық кешін өткізген өнер иесі қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. 

Тарихта тұңғыш рет қазақ композиторының камералық шығармалары Германияда шырқалды. Қазақтың ұлттық үні Еуропаның талғампаз тыңдарманының жүрегіне жетіп, ерекше көңіл күйге бөледі.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл тек қана менің өнерім емес. Қазақ халқының мұрасы ретінде қабылдаймын. Өйткені ол шығармалар бір күн емес, бір жыл емес. Көптеген жыл өмір сүріп келе жатқан шығармалар. Сондықтан уақыттан алынған, сараптамасы бар. Сондықтан осы концертті өткізуіме де осы себепкер болды.

Төлеген Мұхамеджановтың  авторлық кешінің Германияның Дюссельдорф қаласында өтуінің өзіндік себебі бар. Бетховен, Малер, Вагнер сияқты ұлылардың ізі қалған бұл ел камералық музыканың отаны саналады. Неміс халқы Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваны жақсы біледі. Ол композитордың авторлық кешінде ішкі жан-дүниені ашуға мүмкіндік беретін жанрдағы сопраноны орындады. 

Нұржамал Үсенбаева, ҚР Халық артисі:

- Концерт керемет өтті. Публика өте жақсы қабылдады.  Мен ерекше сезіммен концертке шықтым. Қуаныштымын да ризамын. Осындай концерттер беру керек бүкіл әлемдік сахналарда.

Патша көңіл тыңдарманға фортепианолық трио, квинтет, сондай-ақ Ли Бай өлеңдеріне жазылған вокалдық цикл ұсынылды. Сондай-ақ композитордың авторлық кеші қазақтың ұлттық сарыны мен Еуропаның композиция бойынша техникасы үйлескен камералық шығармаларымен ерекшеленді.

БЛИЦ 

- Қазақстанда 4 жыл бойы тұрдым. Сол жылдары Астанадағы опера және балет театрында болдым. Бірақ бүгін тыңдаған шығармалар ерекше әсер қалдырды. Қазақтар мұндай заманауи классикалық музыка жазады деп ойлаған жоқпын. Өте қатты таң қалып тұрмын. 

- Қазақ композиторының шығармалары орындалған концертке алғаш рет келіп отырмын. Кейбір мелодияны тыңдап, балалық шаққа оралғандай сезімде болып тұрмын. Көпшілікке авторлық кеш өте ұнады. Мұны көрерменнің ыстық ықласынан байқауға болады. 

- Қазақстан Германиядан мыңдаған шақырым қашықта жатыр. Бірақ музыка адамдарды біріктіреді. Бүгін сондай бір керемет кештің куәсі болдық. 

Төлеген Мұхамеджанов көптеген музыкалық шығарманың авторы. Ол өнері арқылы  әлемде болып жатқан қарулы қақтығыстарға, зорлық-зомбылыққа қарсы үн қатқысы келеді. Бүгінде тынымсыз еңбегі мен жан-жақты ізденісінің арқасында оның есімі әлемдегі үздік композиторлармен қатар аталады. 

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz