RU
Толық нұсқаға өту

Өзбекстанда қазақ жазушысының жыр жинағы жарық көрді

14.05.2025, 12:41 657

Ташкент қаласында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеужан Ғұмаровтың жыр жинағы өзбек тілінде жарық көрді, деп хабарлайды 24kz.

«Алтын бесік» атты балаларға арналған өлеңдер жинағында қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық ойындар мен Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптары қамтылған. Автордың жырларын Өзбекстанның ақыны Робия Дустанова жергілікті тілге аударды.

Кітаптың тұсаукесері Ташкенттегі Низами атындағы педогогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде өтті. Жиынға студенттермен қатар Ташкенттегі қазақ жазушылар одағының өкілдері келді.

Төлеужан Ғұмаров, қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

- Мың тиражбен шықты. Алматы облысы әкімдігі қолдады. Енді қазақ-өзбек түбі бір түркі халықтары болғасын оның үстіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығы бар, соның аясында сол мақсатта атқарылып жатқан дүние.

«Алтын бесік» жыр жинағы өзбек оқырмандарының қазақ халқын жақыннан тануына жол сілтейді. Салт-дәсүр мен ұлттық бояуы қанық туынды жергілікті кітап дүкендеріне сатылымға шығарылады.

Тұрсынәлі Ахметов, Өзбекстан жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы:

- Мұндай кітаптардың баспадан шығуы өткен мен бүгіннің арасын жалғап, қаймағы бұзылмаған қалпында жетуіне ерекше әсер етеді деп ойламыз.

Жалпы 2024 жылы Өзбекстандағы қазақ ақын-жазушыларының 20-ға жуық кітабы жарық көрген. Олардың дені аударма бағытындағы туындылар. Кеңес төрағасының айтуынша, биылғы меже былтырғыдан кем болмайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz