RU
Толық нұсқаға өту

Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық музейлер күнімен құттықтады

18.05.2025, 12:00 552

Қазір елде 275 музей жұмыс істейді.

Олардың әрқайсысы халқымыздың бай тарихи-мәдени және археологиялық мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде айрықша орын алады. Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұр.  Олардың қатарында «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы» секілді бірегей тарихи артефактілермен қатар, Страдивари мен Гварнеридің сирек музыкалық аспаптары сынды жауһар дүниелер бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биыл Мемлекет басшысының айрықша қолдауы мен қамқорлығының нәтижесінде елдің екі жетекші музейі – Орталық мемлекеттік музей мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне «Ұлттық» мәртебе берілгенін атап өтті. Отырар, Сауран, Маңғыстау өңірінің ескерткіштері сияқты ашық аспан астындағы музейлер тарихи-рухани маңызы зор орындар ғана емес, сондай-ақ ғылыми-ағартушылық орталықтарға айналғанын тілге тиек етті.

ЦИТАТА

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі 

Музейлеріміз тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар зерттеу, ағарту және қалпына келтіру жұмыстарын қатар жүргізетін маңызды орталықтар. Олар ұрпақтар жадын мұқият сақтап, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Өткен жылдың өзінде Қазақстан музейлерін 6,6 миллионнан астам адам аралаған. Бұл қоғамымызда музейге деген қызығушылықтың, тарихи таным мен мәдени мұраға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді. Биыл елімізде Қытай мен Германия музейлерімен бірлескен халықаралық бастамалар, әйгілі Третьяков галереясында өтетін отандық өнер туындыларының көрмесі секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Осы орайда, музей саласында қажырлы еңбек етіп жүрген барша мамандарға ерен еңбектеріңіз, жанашырлықтарыңыз, шығармашылық ізденістеріңіз бен мамандыққа деген адалдығыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz