Павлодарда Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі биыл реставрациядан өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Іргетасы 126 жыл бұрын қаланған ғимарат әбден ескірген. Бұл мақсатқа демеушілер 50 миллион теңге бөлді. Жалпы елде 25 мыңға жуық тарихи-мәдени мұра ескерткішінің біразы жаңғыртуды талап етеді.
Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі 1942 жылы құрылған. Негізін қалаған елімізге танымал өлкетанушы, фотограф Дмитрий Багаев. Музейге 1959 жылы Потанин есімі берілді. Кезінде ықпалды саудагердің үйі болған көне ғимарат тозып, кірпіштері түсе бастаған. Музей басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, бұл келушілердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Арман Әлиақпаров, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:
- Жөндеу жүргізетін уақыт жетті. Мәдениет министрлігі 2027 жылға кезекке қойған еді. Әлі екі жыл күтуіміз керек болатын. Алайда өңірдегі ірі компаниялардың бірі демеушілік көмек көрсетті. Бұл ең алдымен мәдениет пен тарихты қолдау дер едім.
Потанин музейі Павлодар облысындағы ең ірі және алғаш болып ашылған мәдениет ошағы. Бүгінгі күні жәдігерлердің саны 140 мыңнан асады. Музей қорында өте сирек кездесетін ғажайып экспонаттар бар.
Арман Әлиақпаров, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:
- Ең көне жәдігерлер 250 миллион жылдық моллюскалардың қалдықтары. Сонымен қатар 5 мың жылдық қаңқалар бар. Бұл жәдігерлердің барлығы өте жақсы сақталған. Ал үлкен мүйізді бұғының дүниежүзінде тек екі ғана қаңқасы бар екені таңқаларлық жайт. Біреуінің АҚШ-та, екіншісінің Павлодарда болуы, әрине, қызық жағдай. Бұғының қаңқасы тек бір жануардың сүйектерінен жинақталуымен ерекшеленеді.
Қазақстанның тарихи мәдени мұра ескерткіштерінің тізіміне енген музейдің ішкі жөндеу жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Ал ғимараттың сырты оның ішінде төбесі мен қасбетін рестврациядан өткізуге арнайы мамандар тартылған. Бұл жұмыстарға демеушілер берген 50 миллион теңге жұмсалады.
Алмас Әбдиев, «Қазреставрация» ШЖҚ РМК директоры:
- Бүгінгі таңда реставрациялық жұмыстары басталатын болады. Бұл жұмысты біздің білікті мамандар атқаратын болады. Бізде елу жылға жуық тарихы бар мекемеміз Қазақстан республикасында. Бізде өмірін арнаған реставраторлар бар. Ол реставраторлардың тәрбиелеген шәкірттерімен бірге жұмыстар жүргізілетін болады.
Көне ғимаратты жаңартуға заманауи материалдар қолданылғанымен түпнұсқа келбеті сақталады. Биыл Ертіс өңірі атақты әнші Майра Шамсутдинованың 135 жылдығын атап өтеді. Осыған орай Майра музейі де жөндеуден өтіп жатыр. Павлодардағы музей экспонаттарын көруге жылына 250 мың адам келеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #реставрацияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz