RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда «Музей түні – 2025» акциясы өтті

19.05.2025, 08:10 792

Елде Музей күні аталып өтті, деп хабарлайды 24KZ. Мереке аясында мәдениет үйлерінде «Музей түні» акциясы ұйымдастырылып, келушілердің назарына тақырыптық көрмелер ұсынылды. 

Қазір елде 275 музей бар. Былтыр 6 млн-нан астам адам мұражайларға барған.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Тереңнен тін тартқан төл тарихымызды ұлықтап, жоғалтқанымызды жұрт жадында жаңғыртқан рухани орталықта 200 мыңнан астам жәдігер бар. Бас қаладағы бас музейге жылына 600 мыңнан астам адам бас сұғады. Оның 40 мыңы Музей түні акциясына атсалысты.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

- Әлем бойынша «Музей түні» акциясы өтеді. Елімізде де өтіп жатыр. Бірнеше көрме дайындадық. Кеше жапондық «Манга» деген жастарға арналған көрме аштық. «Асыл мұраға» қазақтың ұлы тұлғалардың туыстары заттарын өткізіп тұрады. Соны да бүгін біз ашып жатырмыз. 

Келушілерге бас-аяғы 20 көрме залы жасақталып, 14 мыңнан астам тарихи жәдігер ұсынылды. Сондай-ақ салтанатты кеш аясында қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, әр жастағы аудиторияға арналған мәдени шаралар мен концерттік қойылымдар көпшіліктің көңілінен шығып, кештің көркін кіргізді.

Сауалнама:

- Балаларымызға арнайы көрсету үшін алып келдік осында. Қазақтың ұлттық мәдениетін, құндылықтарын білсін деген мақсатта.

- Бірінші рет мұражайға келдік. Балам алып келді, өте қуаныштымыз.

- Баянауылдан келіп отырмыз арнайы. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс шара өте керемет, ұнап жатыр. 

Музей түнінде мұражай қызметкерлерінің қатарын жұлдызды гидтер толықтырды. Олардың сапында тележүргізушілер, танымал тұлғалар бар. Солардың бірі – «Хабар» арнасының жүргізушісі Мөлдір Доспаева. 

Мөлдір Доспаева, тележүргізуші:

- Осы уақытқа дейін жылда осы іс шараға келіп тұратын едік, журналист ретінде осы жақтан хабар тарату үшін келетінбіз. Ал енді биыл  бірінші рет өзім де гид болып тұрмын. Бұл енді ерекше сезім, халыққа барынша түсінікті болатындай ақпарат таратуға тырысамын. Қазақтың дәстүрлі мәдениет залында зергерлік бұйымдары, зергерлік қолөнердің жауһарлары таныстырылған залда жұмыс істеймін.

Сан ғасырдан сыр шерткен тарихи мұраны ұлықтап, қадірлей білсек, құнды жәдігерлердің құндылығы арта берері сөзсіз.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Әбділахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz