RU
Толық нұсқаға өту

«Шымқала» тарихи-мәдени кешені тозып барады

19.05.2025, 21:30 438

Шымкентте бірегей тарихи-мәдени кешеннің құжаттары төрт жылдан бері заңдастырылмаған болып шықты.

2,7 миллиард теңгеге тұрғызылған нысанның техникалық төлқұжаты мен қабылдау АКТ-сі әлі күнге дейін жасалмаған. Салдарынан оны күтіп ұстауға, қазынадан қаражат бөлу мүмкін болмай тұр. Ал оның аумағындағы этноауыл әбден тозып, есігіне құлып салыныпты.

Қаланың биік нүктесінде орналасқан тарихи-мәдени кешен тозып барады. Қасбеті бүлініп, қабырғалары сыз тартқан. Бірегей нысанды қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілгенде қазынадан қаражат бөлу мүмкін болмады. Себебі бұған дейін техникалық төлқұжаты мен қабылдау акті жасалмаған болып шықты.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір құжаттарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жерге мемлекеттік акт алынды. Енді цитадельдегі ғимараттың өзіне техникалық акт немесе техникалық паспорт ресімделеді.

Тарихи-мәдени кешеннің аумағына төл өнерді төрге шығару мақсатында этноауыл тұрғызылған. Бірақ 2 гектар учаскенің мемлекеттік акті алынғанымен бар мүлкі басқа орталықтың теңгерімінде. Ал бұйымдарды түгендеп, күтіп ұстау мәселесі заңды түрде міндеттелмеген.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Ұлт мәдениетін насихаттауға арналған этноауылдың базары тарқағанына 1 жылдан асты. Теңгерімге алу ісі созбалаңға салынғандықтан, концерт алаңы мен шеберханалар, алтыбақан мен киіз үйлер тозып барады. Сондықтан, бұл аймаққа саяхаттаушыларды кіргізуге тыйым салынған. 

Шымкенттегі музейлердің шығармашылығы мен шаруашылығын жүйелеу үшін ортақ бірлестік құрылды. Енді сала мамандары бес бірдей мекеменің қаржылық тұрақтылығын бақылап, құжаттамаға қатысты олқылықтарды реттеуге жауапты болмақ.

Мәрия Асқарова, қалалық «Музейлер бірлестігі» директорының орынбасары:

- Мекемені жаба салу оңай тірлік, ал жаңадан мекемені құрып, оның құжаттарын рәсімдеу деген ол біраз уақыт алады. Техникалық төлқұжат, топосъемка, сосын топосъемканы сопровождать ететін тағы документі бар. Тиісті құжаттардың бәрі дайындалып жасалып жатыр. 

Тарихи-мәдени кешенді жөндеуден өткізуді тұрғындар мен туроператорлар да талай көтерген. Айтуларынша, этнотуризм саяхаттаушылардың негізгі бағытына айналып, аймақтың тарихымен танысуды таңдайды.

Ерлан Омаров, қалалық визит орталығының директоры:

- Біз барлық бағдарламаларға, туристік делегацияны апаратын кезде міндетті түрде ол жерді қосамыз. Құжатқа байланысты, бюджетке байланысты мәселелердің бәрі орнымен шешіледі деп есептеймін. 

Жергілікті билік биылдан қалмай «Шымқала» кешенінің құжаттары заңдастырылатынын мәлімдеді. Осыдан кейін этноауылды жаңғыртуға көңіл бөлініп, қолайлы жағдай жасауға креативті индустрия өкілдері де тартылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz