Бизнесмендер руханиятты дамытуға атсалысқандары абзал. Президент оларды осындай игі істен қапы қалмауға шақырды. Сондай-ақ ұлттық архитектураны қолдап, жас сәулетшілерді ынталандыру керегін жеткізді. Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев саланың ағартушылық қырына да тоқталды. Өнер жолын өмір жолына айналдырған саңлақтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
«Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті». Онсыз ешбір ұлт оңалмайды. Болмысы мен дүниетанымынан жұрдай болып айырылып, рухани жұтаңдыққа ұшырайды. Сондықтан осы сала мен оның саңлақтарының арқалап жүргені – абыройлы міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі.
Қайрат Байбосынов сондай сом тұлға. Оның санасы – саз, көңілі – күй, досы – домбыра. Жыр-жауһарлары алыптарының ізбасары. Есті әндерді дәріптеп жүрген дүлдүл. Халық жүрегінен орын алған оған бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. «Бұны ұлттық өнерге берілген баға», – дейді өзі.
«Марапат – мерейді өсіреді». Ал еңбек қашанда еленеді. Қайрат Байбосыновпен қатар Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытып, оны насихаттап жүрген бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Өнерде тіл мен шекара болмайды. Ал біздің төл мәдениеттің төрткүл дүниені тәнті еткен кезі аз емес. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бабалар ізін жаһанға жаңғыртты. Ал Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталып жатыр. Мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады.
Былтыр 45 мәдениет ныс аны салынды. Ізгі іс одан әрі де ілгерілей береді. Ауқатты азаматтардың да абыройлы іске ат салысқандары абзал. Өйткені өнер ордаларын көтерумен өрендерді бірге тіктейміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын.
Бикен Римова атындағы қазақ драма театры мен Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Сондай-ақ Сарайшық қалашығында жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы ойын айтты. Президент қазір Бүкіләлемдік мұралар тізіміне елдің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Осы мақсатта ЮНЕСКО-мен ықпалдастықтың рөлі зор. Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі. Сонымен бірге сәулет өнері де дәріптелуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болады. Жалпы тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық.
Шынтуайтында әділетті, қауіпсіз, таза және өркениетті мемлекет боламыз. Бұған мәдениет және өнер қызметкерлерінің қосар үлесі сүбелі. «Өйткені саланың ағартушылық әлеуеті орасан зор», – деді Президент.
Авторы: Нысаналы Ығыл
Тегтер #президент #мәдениет қызметкерлері #марапаттау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz