RU
Толық нұсқаға өту

Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі басталды

20.05.2025, 22:00 397

Алматыда ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі басталды, деп хабарлайды 24KZ. Өнер бәйгесінде 6 елдің театр мамандығында тәлім алып жүрген таланттар қатысып, бақ сынап жатыр. Фестивальді еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған.

«TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі осыған дейін Өзбекстан мен Әзірбайжанда өтті. Дәстүрге айналған өнер бәйгесінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Түркияның жас өнерпаздары биіктен көрінсек дейді. Фестивальдің ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен әр елдің өнер университеттерінің басшылары қатысты.

Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

- Фестивальдің мақсаты – студенттер арасындағы достықты, әріптестікті арттыру. Сонымен қатар жастардың үлкен сахнадағы тәжірибесін қалыптастыру. Өнер мен мәдениет елдер арасындағы рухани көпір іспетті. Бұл тәжірие алмасатын алаңға айналып келеді. Шығармашылық салада теориялық білім мен тәжірибе қатар жүруі керек.

Студенттік театрлардың көбі фестивальге тың қойылым дайындаған. Қазылар алқасы мен көрермен үлкен сахнаға әлі шықпаған сектакльдерді тамашалайды. Іс-шара аясында шетелдік және отандық театр қайраткерлері шеберлік сағаттарын да өткізеді.

Нодира Махмудова, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының курс жетекшісі:

- Біз биылғы фестивальге түрік жазушысының спектаклін алып келдік. «Халала» қойылымы студенттердің дипломдық жұмысы. Пьесаның авторы — түркі әлеміне танымал Решад Нури Гүнтекин. Ең алдымен біз осы жерге қатысушы ретінде келгенімізге қуаныштымыз.

Фестивальмен бір мезгілде ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің шығармашылық жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы өтеді. Отырыста театрлық білім беруді дамытудың өзекті мәселелері, әдістеме алмасу жайы талқыланады. Ал фестиваль жеңімпаздары 22 мамырда анықталады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz