RU
Толық нұсқаға өту

Мәдениет саласындағы жүйелі өзгерістер

21.05.2025, 12:29 326

Бүгін елде 7600 мәдениет мекемесі жұмыс істейді.

Онда 58 мыңнан астам маман еңбек етеді. Бұл жайында бүгін мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба қалдырған ведомство жетекшісі саладағы маңызды бастамалар мен жетістіктерге тоқталды. Атап айтсақ, былтыр 9 республикалық мәдени ұйымға «Ұлттық» мәртебесі беріліп, қызметкерлердің жалақысы арттырылған. Сонымен қатар, Qazaq Culture халықаралық платформасы іске қосылып, қазақ мәдениетін әлемге 8 тілде таныстыру басталды. Еліміз түрлі көрмелер мен мәдени шараларға да белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, 60-шы Венеция биенналесінде тұңғыш рет отандық суретшілердің туындылары қойылған Қазақстан павильоны ашылды. Бұдан бөлек өз жерімізде 16 ірі имидждік және мерейтойлық концерт ұйымдастырылды. 255 қазақстандық өнерпаз 17 мемлекетте өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. 

Кинематография саласы да дамып келеді. 2024 жылы мемлекеттік қолдаумен 16 ұлттық фильм түсіріліп, оның жетеуі 34 халықаралық марапатқа ие болды. Қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 20%-ға жуықтады.

Салада цифрлық бағытта да ілкімді істер атқарылып келеді. Бұл Ұлттық архив пен электронды кітапхана жұмыстарында айқын көррінеді. Қазір «Е-архив» жүйесі арқылы 2,6 млн сақтау бірлігі цифрландырылды. Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы порталында 80 мыңнан астам құжат көпшілікке қолжетімді етілді. Осының арқасында тек сәуір айында ғана қаралымдар саны 600 мыңға жуықтады. Ресурсты 77 мемлекеттің азаматтары қолданған.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау да назардан тыс қалмады. Олардың саны қазір 25 мыңнан асады. Былтыр «Беташар» дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енсе, «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» және «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» жобаларына қатысты досьелер ЮНЕСКО-ға ұсынылды.

Бұдан бөлек былтыр елде 45 мәдениет нысаны жөндеуден өтіп, 255 жаңа мекеменің құрылысы аяқталған. Тағы биыл 51 ғимаратты жөндеу мен 250 нысанды салу жоспарланып отырғандығын айта кету керек.

2024–2025: жаңа бастамалар

Qazaq Culture платформасы – 8 тілде

9 мекеме «ұлттық» мәртебе алды

Венеция биенналесі – алғашқы қазақстандық павильон

16 халықаралық мәдени шара

255 өнерпаз 17 елде жеңімпаз атанды

КИНО

2024 Ж. – 16 ұлттық фильм

7 ФИЛЬМ – 34 халықаралық жүлде

қазақ тіліндегі фильмдер – 19,76%

САНДЫҚ МӘДЕНИЕТ

«Е-Архив»: 2,6 млн сақтау бірлігі цифрланды

қазұэк: 80 465 электронды құжат

қолданушылар – 77 елден

қаралымдар – 595 549 (сәуір 2025)

ЮНЕСКО ЖӘНЕ МҰРА

25 000+ мұра нысаны

«БЕТАШАР» – ЮНЕСКО тізімінде

 «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» және «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» жобалары ұсынылды

ЦИТАТА

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі

Құрметті достар! Мәдениет – бұл тек марапаттар мен көрмелер ғана емес. Бұл біз кейде ескере бермейтін, кең көлемді инженерлік инфрақұрылымға, энергия және су желілерімен жабдықталған күрделі шаруашылық жүйесіне сүйенетін ауқымды сала. 2024 жылы еліміздің өңірлерінде 45 мәдениет нысаны жөндеуден өтіп, 255 жаңа мекеменің құрылысы аяқталды.  2025 жылы 51 нысанды жөндеу және тағы 250 нысанды салу жоспарланып отыр. Республикалық деңгейдегі ауқымды жұмыстар да басталып кетті. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры өзінің 100 жылдығына орай қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына реконструкция жұмыстары жуырда басталады. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін! Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер!

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz