Арқалық қаласының жүрегінде орналасқан, кезінде сәулетімен таңдай қақтырған Мәдениет сарайының бойына қан жүгірді.
Он жылдан астам уақыт қаңырап бос тұрған үш қабатты алып ғимаратты жергілікті билік күрделі жөндеуге кірісті. Ғимараттың жалпы аумағы — 7 мың шаршы метр. Кезінде концерттер мен қойылымдар, қоғамдық жиындар өтетін басты орын саналатын бұл мәдени ошақ уақыт өте тозып, жарамсыз күйге түскен. Шатырынан су кетіп, ішкі коммуникациялар түгел істен шыққан. Сондықтан бастан-аяқ жөндеп шығу біршама уақытты, қомақты қаржыны қажет етті.
Мынау Арқалық қаласындағы жалғыз Мәдениет үйі. 1973 жылы салынған. 2009 жылы күрделі жөндеуге жабылып, содан қараусыз қалған. Қазіргі күйі аңғал-саңғал, қабырғалары жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр. Мәдениет сарайының директоры Зәмзәгүл Мергенова жұрнағы ғана қалған көрермен залының сахнасына бұрын екі мың адам сиятын деп еске алады.
Зәмзәгүл Мергенова, Арқалық қаласы Мәдениет сарайының директоры:
- Жалпы бұл залға 550 орындық орналасады. 550 көрермен сахнаны тамашалай алады. 350 үстіңгі жақта болса, 150 орын мынау төмен жақта орналасқан.
Арқалықта жүзден аса өнер ұжымы бар. Қазір олар жеке мәдениет үйі болмағандықтан басқа орындарды сағалап жүр.
Зәмзәгүл Мергенова, Арқалық қаласы Мәдениет сарайының директоры:
- Біздің оркестр гуманитарлық колледждің залында дайындалып жатады. Хор жаңағы институт пен колледждің залдарында жеке-жеке дайындалып, бізде біріккен хор ғой. Олардың сосын театрдың бір кестесіне кіргізіп, сол кезде ғана басын қосамыз. Бишілеріміз басқа кешеннің залында дайындалып жатады.
Жалпы ғимаратты жөндеу жұмыстары 2023 жылы қолға алынған. Тапсырыс беруші - қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Бірақ басталған іс қарқын алмай, тұралай берді. Мердігермен арада келіспеушілік туындап, жобалық-сметалық құжат қайта қаралып, айлап жұмыс тоқтаған кездері болды. Мәдениет үйін жөндеуге бөлінген 1 миллиард 99 миллион тенгенің, бүгінгі күнге дейін 684 миллионы игерілген.
Жайнар Әубәкірова, Арқалық қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Жүз пайызға жылу жүргізілген. Терезелері түгел қойылған. Электр жабдықтары түгеліндей. Ең ауыр жұмыстары бітіп тұр. Шарт бойынша 31 шілдеге дейін аяқталуы керек. Әрі қарай ұзартыла ма, ол жағын шартқа сәйкес қарастырамыз.
Арқалық қаласының өнер ұжымдары Мәдениет үйіне тамыз айында кіреміз деп үміттеніп отыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Арқалық #мәдениет #жөндеу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz