Қазақ хандығының негізгі қалаларының бірі болған көне Созақ шаһарының орны жойылып кетудің алдында тұр, деп хабарлайды 24kz.
Заманында 260 гектар аумақты алып жатқан қаланың орны Кеңес дәуірінде жекеменшікке беріліп, үйлер салынып кеткен. Қазір тарихи шаһардың орталық алаңы болған 20 гектардай жер ғана сақталған. Сондықтан тарихшы ғалымдар Созақ өңіріне жиналып, тарихи орынды сақтап қалудың амалын іздеді. Көне қала орынын қоршап, қазба жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтады.
Елімізге белгілі тарихшы ғалымдар мен археологтар Созақ өңірінде бас қосты. Көне шаһардың өткені мен бүгінгі келбетін, мәдениеті мен тарихын талқылады. Созақ қалашығының орта ғасыр мен Қазақ хандығы тұсындағы тарихына ғылыми негізде талдау жасады. Жергілікті өлкетанушылар сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекенде қазақтың алғашқы хандарының мазары болғанын, ол да жүйелі зерттеуді қажет ететінін айтты.
Нұрмахан Сейітмаханұлы, өлкетанушы:
- Есенберлиннің трилогиясында «Шайбанинамалерде қазақтың алғашқы хандары осы жерде жатыр», - дейді. XX ғасырдың аяғына дейін бұл жерде хан мазары деген мазар болған. Бүгінгі күнде жойылған. Бірақ соның орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу ең маңызды сұранысқа ие болып тұр. Оны аспан асты мұражайына айналдыратын болсақ, туризмді дамытуға, болашақ ұрпаққа біздің тарихымызды жеткізуге, хандарымыздың ерлік істерін жаңғыртуға негіз болатын еді.
Конференциядан кейін ғалымдар ауыл іргесіндегі көне Созақ қалашығының орнын аралап көрді. Мұндағы зерттеушісін күтіп жатқан көп мұраның бірі – «Хан мазары». Кейбір деректерде мұнда Хақназар ханның сүйегі жатқанын айтады. Белгілі тарихшы, Қазақ хандығы тарихының білгірі, академик Берекет Кәрібаев көне Созақ қаласы 99% жойылып, топырақ астында сыр бүгіп жатқанын жеткізді. Енді қалған 20 гектар аумақты сақтап қалмасақ, одан да айырылып қалуымыз мүмкін екенін еске салды.
Берекет Кәрібаев, тарихшы:
- Осы 20 гектар жерді әзірге біреулердің жекеменшік үй салуына беріліп кетпей тұрған кезде қоршап, мемлекеттің меншігіне сақтауға алу керек. Бұның астында Созақ қаласының орта ғасырлардағы, әсіресе, қазақ хандығы дәуіріндегі тарихы мен рөлін дәлелдеп, нақтылап беретін құнды жәдігерлер жатыр. Біз соларды алған кезде жазба да деректермен негіздеп, Созақ қаласының Қазақ хандығы дәуіріндегі алатын орнын, маңызын халыққа түсіндіріп бере аламыз.
Ұлттық тарихымыздың маңызды бір бөлігі сыр бүгіп, топырақ астында жатыр. Мемлекет басшысы Атырауда өткен ұлттық құрылтайда жауаптыларға тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай Мәжіліс депутаттары археология жөнінде арнайы заң әзірледі. Тарих ғылымдарының докторы, академик, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Созақ тарихы түгенделер күн алыс емес екенін алға тартты.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз қазір көне Созақтың орнында тұрмыз, бұл жерде толық зерттелмеген. Сонымен қатар Ақбикеш мұнарасы және басқа да тарихи-ескерткіштер қорғауды, сақтауды қажет етеді. Бүгінгі жиында сол туралы келелі әңгіме болды. Бұл болашақта археологиялық қарзба жұмыстарының нысанына айналады деп сенеміз. Себебі бүгін арнайы шешім қабылдадық. Мына топырақтың асты сол тарихтың сырын, шерлі шежіремізді бүгін жатыр деп ойлаймын. Содықтан археологтарды үлкен жұмыс күтіп тұр.
Созақтағы басқосуда қабылданған шешімге сәйкес биыл мұнда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Археологиялық ғылыми-зерттеу институтының мамандары қазба жұмыстарын бастайды. Сондай-ақ маңызды жиында Созақтың киелі орындары мен мәдени мұрасын Түркістан облысының туризм картасы мен ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов
Тегтер #ғалымдар #қазақ хандығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz