«Рухани қазына» деп аталатын фестиваль сала қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды 24kz.
Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріліп, зор қошемет көрсетілді. «Дәстүрге айналған шараның деңгейі де жыл санап өсіп келеді», - дейді ұйымдастырушылар.
Арна Досболаева Батыс Қазақстаннан келген үміткер. Еңбек жолын ауылдық мәдениет үйінде қатардағы қызметкер ретінде бастаған. Бүгінде Бөрілі ауданында тер төгіп жүр. Өз саласының үздігі болуды алты жыл армандапты. Сол арман бүгін орындалды.
Арна Досболаева, «Рухани қазына – 2025» фестивалінің жеңімпазы:
- 2019 жылы өзімнің армандарымның ішіне мен мәдениет саласының ең үздік мәдениет қызметкері деп жазған едім. Соны кеше презентациямда да көрсеттім. Армандар орындалады. Жалпы адам баласы жеке басын ғана қатысты емес, өзінің жасап жатқан ісіне, жұмысына да қатысты армандаса, елдің мүддесі де, елдің шарықтауы да жақсы болады деген ойдамын. Мен оған дәлелмін.
Бұл шарада жекелеген адамдармен қатар үздік нәтиже көрсеткен еңбек ұжымдары да марапатталды.
Қуанышбек Төлеген, қазылар алқасының мүшесі:
- Ол мәдениет үйі қандай іс-шараларды атқарды. Ол облыстық, республикалық немесе халықаралық деңгейде. Соған қараймыз. Ал енді қызметкерлерді таңдаған кезде әр қызметкер ол өзін қорғайды. Өзінің жұмысын айтады. Енді біз ол критерийлерді былай қарадық. Егер қызметкер әртүрлі бағытта жұмыс жасаса, тек қана бір бағытты алып жүрмей, тек бір бағытты қамтып.
«Рухани қазына» фестивалі жыл сайын өткізіледі. «Бірақ биылғы додаға қатысушылардың арыны қатты, дайындығы мығым болды», - дейді ұйымдастырушылар.
Рига Оңаева, ҚР МАМ Репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы:
- Жаңа өздеріңіз куә болдыңыздар ғой. 19 номинацияның жүлдегерлері де мықты. Кітапхана саласының, музей саласының, мәдени демалыс ұйымдары, ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі. Бірін бөліп, жара алмайсыз. Бұл жерде біреу жеңді, біреу жеңілді деген жоқ. Бұл – достықтың меркесі. Бұл – мәдениеттің мерекесі.
Биыл дәстүрлі додаға 170-тен астам өтінім түскен. Әр саладан үздік шыққан қызметкер 500 мың теңге, ал мекеме 1 млн теңге сыйақы алды.
АвторларыҮ Серік Селеубайұлы, Жандос Битабаров
Тегтер #мәдениет қызметкерлері #фестиваль #жеңімпаздарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz