Күй – ұлттың жаны. Күйді түсінбеген адам ұлттың жанын да түсінбейді. Сондықтан да күй – құдіретті сарын. Көпшілігіз күйді тыңдағанмен, оның шығу тарихын біле бермейтініміз анық.
Халық арасында кең тараған сондай туындының бірі – шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі. Бұл күй қалай дүниеге келді? Тыңдаған жанды бірден баурап алатын бұл күйде не құдірет бар? Ал осы әйгілі күйдің тууына себепкер Салтанат қайда жүр?
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қарт Қаратаудың теріскей бетін ала ұшы-қиыры жоқ Созақ даласы басталады. Солтүстігі бетпақ даламен шектесетін ұлан-ғайыр өлке «Сырлы Созақ» аталады. Қойнауы қазынаға толы құтты мекен дәулескер күйші Төлеген Момбековтың кіндік қаны тамған жер. Біз әйгілі «Салтанат» күйіне себепкер жанды іздеп, осы Таукент ауылына бардық. Кейіпкеріміз мектеп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екен. Бізді жайдары қарсы алған Салтанат өзі Төлеген күйшінің кенже қызы екенін айтты. «Алдымда 4 әпкем, Қайрат деген ағам бар. Анам қайтыс болғанда 4 жаста едім, сондықтан бейнесін көз алдыма елесте алмаймын», - дейді. Біз күйдің шығу тарихын Салтанаттың өзінен сұрадық.
Салтанат Төлегенқызы, Т.Момбековтың қызы:
- Сондай бір сәттерде анамыз дүниеден өткеннен кейін асық ойнап отырып, ағамыз екеуіміз ренжісіп қалғанбыз. Содан мен: «Апама айтамын», - деп жыласам керек. Әкем: «Апасын сағынған екен ғой бұлар» деп, алдына алып, өзі ағыл-тегіл жылап отырып шығарған күйі. Күйдің аты «Салтанат» болғанымен, бұл шын мәнінде жоқтау, себебі анасын жоқтаған кішкентай қыздың зары және сол күйді шығарған әкеміздің де ішінде жарын жоқтаған зары.
Осы Созақ өңірінен шыққан белгілі күйші, Төлеген Момбековтің шәкірті Жанғали Жүзбаев бізде «Әлди» әндер көп болғанымен, осындай өміршең күйлер өте аз екенін айтады. «Салтанат» күйі - солардың ішіндегі шоқтығы биік шығарма.
Жанғали Жүзбаев, күйші:
- Себебі «Салтанат» шын мәнінде баланы уатқан, әлдиі көп, бір жағынан мұңы көп, бала жұбататын иірімі көп және музыканың жалпы композициясының өзі бала жүрегіне тез қонатын қарапайым сарындардан құралған. Сондықтан бұл құдіреттің әсері жалпы музыка танымы үшін ерекше құбылыс деп ойлаймын.
Салтанаттың өзі: «Әкем: «күйдің де сөзі бар, оны жүрекпен тыңдап, санамен түйсіне білу керек» деп айтатын», - дейді. Бірақ өкінішке орай күйдің тілін көп адам түсіне бермейді. «Салтанат» күйі «Қайтейін, жаным-ау» деп басталып, кішкентай қыздың өкісігіне ұласатынын да біле бермейтініміз анық.
Салтанат Төлегенқызы, Т.Момбековтың қызы:
- «Сенің көз жасың тамшылап шыққаннан бастап шанағына барған кезде тынысың тарылып, өксіп жылаған дыбыстың үні келеді», - деп айтатын. Мен есейіп, мектепті бітіргенше «анамды бір көрсем ғой» деген арманым болды. Кез келген анасыз өскен адамға әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан бұл күйді естіген кезде менің де көзіме жас келеді.
Салтанат Төлегенқызының негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұлғалімі. 40 жылға жуық ұстаздық етіп келеді. Осы еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, жүздеген жас маманға жөн сілтеді. Физика пәнінің мұғалімі Жансая Төлеуова өзін 7 жыл бұрын осы мектепке Салтанат апайы қабылдағанын айтады. Бірақ ол кезде «Салтанат» күйінің кейіпкері екенін білмеген. Кейін теледидардан көргенде ғана бірақ білген.
Жансая Төлеуова, физика пәнінің мұғалімі:
- Тура сол күй біздің Салтанат апайға арналғанын мен білмеппін. Соны үзінді ретінде суретке түсіріп алып апайыма: «Сізге арналған екен ғой, сонда мен жұлдыз кісімен әріптес болып жатырмын ба?», - деп таңғалғанымды телефон арқылы айттым. Солай келе, апайдың тарихын білдік, ол кісімен біз әріптес болғанымызға, менің ұстазым болғанын мақтан тұтамын.
Атақты күйшінің қызы, халық арасында аса танымал «Салтанат» күйінің кейіпкері болып күн кешу оңай емес. Оның да өзіндік қызығы мен шыжығы, салмағы мен жауапкершілігі бар. Біреу танып, құрметтеп жатса, жалпы көпшілік біле бермейтіні тағы рас. Осыдан 25 жыл бұрын күйшінің 80 жылдығын Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы да атап өтіп, студенттермен кездесу ұйымдастырғанын Салтанат былайша есіне алды.
Салтанат Төлегенқызы, Т.Момбековтың қызы:
- Саханаға шығарып, «Салтанатты көріңдер» деп жатса, студенттер: «Бұл кісі әлі өмірде бар екен ғой, тірі екен ғой, біз баяғыда өмір сүріп, қайтыс болып кеткен деп ойлайтын едік», - деді. Ол кезде мен небәрі қырықтамын. «Жап-жас екен ғой», - деп таңғалып жатқаны жайы бар. Мен өзім: «Күй оларға аңыз болып, солай танылған екен ғой», - деген ойға қалдым. Сосын кейде оқуға, басқа қалаға барғанда: «Осындай кісінің қызымын» десең, бәрі келіп суретке түсіп: «Сіз аңыз адамсыз ғой» деп, құрметтеп жатады. Ол да болса, өнердің құдіреті деп ойлаймын.
Белгілі күйші Жанғали Жүзбаевтің айтуынша, Төлеген Момбековтің ел арасында танымал 40 жуық күйі бар. Алайда осы уақытқа дейін оның шертпе күйлерін дәл өзіндей ешкім тарта алмаған.
Жанғали Жүзбаев, күйші:
- Мысалы, әрине, біз Секен Тұрысбековты құрметтейміз, Біләл Ысқақовты өте жақсы көреміз, халқымыздың сүйікті күйшілері. Бұлардың бәрі Төлегеннің күйшілігіне, құдіретіне бас иген адамдар. Бұлар да, әрине, орындайды, бірақ «Төлегеннің өз деңгейінде орындадым» деген біреуін естіген жоқпын. Мысалы, мен тартамын, бірақ ол жақсы бір картинаның ортаң қол көшірмесі сияқты біздің тартысымыз. Сол сияқты «Төкеңнің деңгейіне жеттім» деген адамды әлі көрген жоқпын.
Төлеген Момбеков домбыра қағысы бөлек, шертісі ерек күйші. «Оның домбырасының шанағынан шашылып түскен дыбыс пен әуезді үнді қаз-қалпында қайталау мүмкін емес», - дейді көзін көргендер.
Ендеше, «Салтанаттай» ғажайып туындыны дүниеге әкелген күйшінің мәңгілік сарыны ізгілікке іңкәр жүректерде сағыныш болып өмір сүре бермек.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz