Биыл қарашаның 8-і күні Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің Испанияның Барселона қаласында алғашқы жеке концерті өтеді, деп хабарлайды 24KZ. Кешті асыға күтіп жүрген жанкүйерлер қарасы қалың. Әйгілі әншінің концертіне әлемнің 50-ге жуық елінен көрермен келеді деген болжам бар. Іс-шараға Испанияның Мадрид, Барселона, Валенсия шаһарларындағы Димаш жанкүйерлерінің қауымдастығы белсенді дайындалып жатыр.
Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Сония апай қазір өзі оқушыға айналған. Соңғы бір жыл бойы қазақ тілін белсенді оқуға кіріскен испандық мұғалім жаңа тілді меңгеруге Димаштың әндері түрткі болғанын айтады. Сүйікті әншісінің әлемнің әр түкіпіріндегі концертін де қалдырмай көруге тырысады. Тіпті былайғы күнде де қазақша киінуді әдетке айналдырды.
Сония, Димаштың жанкүйері:
- Тақия мен әшекейді Астанаға барғанда сатып алдым. Сондай әдемі, күнде киіп жүруге тырысамын. Димаш испандықтар үшін мықты дауыс иесі ғана емес, оны мәдени көпір деп бағалаймыз.
Ал Йоланда Гарсия Испанияда ресми тіркелген «La Gran Voz Kazaja», яғни «Қазақтың ғажап дауысы» деп аталатын қауымдастықтың белсенді мүшесі. Ол 7 қараша, яғни негізгі концертке бір күн қалғанда өтетін препатидің басты ұйымдастырушысы. Оның айтуынша, концерт алдындағы кешке билеттердің бәрі тез-ақ сатылып кеткен.
Йоланда Гарсия, Димаштың жанкүйері:
- Испаниядағы Димаштың жанкүйерлер қауымдастығы оның өнерімен жақыннан танысуға мүмкіндік береді. Қазір біз Димаштың концертіне қатысты іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. 7 қараша күні 700 орынға арналған pre party өткіземіз. Оған билеттердің барлығы дерлік сатылып кетті.
Барселонада сүйікті әншісімен кездескен испандық жанкүйерлер қауымы Димаштан алдағы жеке концертте тосын сый болады ма деп сұрады? Тосын сый деп тұрғандары, әрине, испан тіліндегі ән тарту.
Димаш Құдайберген, Қазақстанның халық әртісі:
- Алдағы өткелі жатқан концертте тосын сыйлар болуы әбден мүмкін. Қазақта «Арық айтып, семіз шық» деген жақсы сөз бар ғой. Бірақ испан тілінде әдемі бір әндерде көрермен назарына ұсынуыма толық негіз бар деп ойлаймын. Соған дайындаламын. Бір жақсы халық әндерін үйреніп келуге дайындаламын.
Димаштың жанкүйерлері биылғы жылдың шілде айында Мадрид қаласында қазақ ұлттық киімдерінің сән көрсетілімін ұйымдастырмақ. 7 қараша препати, ал 8 қарашада негізгі концерт Барселона қаласындағы 13 мың орынға арналған Olimpic Arena Badalona кешенінде өтеді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
Тегтер #Димаш Құдайберген #Барселона #жеке концерт #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz