Елордада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Мемлекеттік драма және комедия театрында «Армандар орындалады» спектаклі сахналанды. Қойылым ерекшелігі сахнада кәсіби әртістермен қатар түрлі жұмысшы мамандық иелері өнер көрсетті.
«Армандар орындалады» қойылымы түрлі мамандық иелерінің арасындағы сан қилы оқиғаларға негізделген. Әр кейіпкердің арманы, таңдауы мен күресі көрерменге ой салады. Спектакльдің авторы әрі режиссері – Нұржігіт Мүсілімов.
Нұржігіт Мүсілімов, Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының режиссері:
- Көрермен залдан шыққанда шынымен де даяшы, аспаз, сантехник сияқты мамандар да маңызды, ол кісілердің де қоғамдағы орны бөлек екен деп сондай бір ой түйіп өтсе, сол біздің жеңісіміз деп ойлаймын.
Қойылымда жұмысшы мамандары кәсіби актерлермен бірге өнер көрсетті. «Бұл бастама олардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, рухани дамуына үлес қосады», – дейді театр актерлері.
Ербол Есендосов, Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының актері:
- Бұл олар үшін жетістік деп білемін. Бір әдемі, жұп-жұмыр, жып-жинақы әдемі дүние шыққан сияқты.
Алмат Егінбай, бағдарламашы:
- Негізі «басты рөлді ойнау оңай, өз-өзіңді ойнау қиын», – деп айтады ғой. Өз-өзімді ойнаймын. Күлетін жерлер болады, ашуланатын жерлер, ғашық болатын жерлер болады. Программистің бір дастаны десе болады.
Ақмарал Қосылбекова, мұғалім:
- Бүгінгі кейіпкерімнің аты Гүлсара. Мұғалім. Өмірдегі өз мамандығымды өзім ойнаймын. Гүлсараның образында ол махаббатқа өте адал, өз мамандығымен мақтанады.
Спектакль талғампаз көрерменнің көңілінен шықты. Ұйымдастырушылар игі жоба алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Арман Ақшабаев
Тегтер #жарнама #Жұмысшы мамандықтар жылы #қойылым #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz