RU
Толық нұсқаға өту

Ағадырлық ерлі-зайыпты шеберлер домбыра жасауды кәсіпке айналдырды

06.07.2025, 13:30 382

Қарағанды облысы Ағадыр кентінде тұратын Нұридин Мырсыздықов қазақтың ұлттық аспабы – домбыра жасаудың қыр-сырын меңгерген таңдаулы шеберлердің бірі. Ол бұл өнерге бала күнінен қызығып, өзі жасап үйренген. Бүгінде бұл ісі отбасылық кәсіпке айналды. Жұбайы екеуі шағын шеберхана ашып алған.

Қазақтың ұлттық аспабы домбыра жасауға бала күнінен құштар болған Нұридин оның қыр-сырын интернеттен қарап үйреніпті. Кейін Алматыға арнайы оқу курсына барып келді. Бүгінде ағаштан түйін түйген шеберге айналған. Ол жұбайы Данамен бірге екі жылда 30-дан астам домбыра жасапты.

Нұридин Мырсыздықов, шебер:

- Иә, менің атам ұста болған. Бірақ ұста болғанда есік-терезе салған кісі болған. Бірақ мына музыкалық аспаппен айналысқан бірінші адам осы мен шығармын әулетімізде. Бала кезден домбыра жасауды армандайтынмын. Шынымды айтсам, бірнеше домбыра шашып тастадым. Бірақ енді музыкалық аспап болғаннан кейін музыкаға жақын болу керек, дауысын келтіру керек деген сияқты. Өзіме қиын болып көрінді.

Қазір Нұридин домбыра жасаудың қыр-сырын меңгерген таңдаулы шеберге айналған. Оның  көмекшісі жары Дана. Ол әрбір аспапты ерекше сәндеп, соңғы әрлеу жұмыстарын атқарады. Аспаптың үні жақсы болу үшін ағашқа ерекше таңдау жасайды. Қажет материалға тапсырыс жасайды. Шеберлер отбасына былтыр облыс әкімінің қайтарымсыз гранты берілген. 2 миллион теңге  ақшаға қажетті құрал-жабдықты сатып алыпты.

Нұридин Мырсыздықов, шебер:

- Қазір енді сапасына көп жұмыс істеп жатырмын. Енді біраз шаруа жеңілдегеннен кейін біраз саймандар да жаңаланды. Қолдан жасалғандары да бар. Сатып алынғаны. Соның барлығын бір жүйеге келтіріп, алдағы уақытта кәсіпті үлкейту керек болып тұр.

Қазір шебер жергілікті тұрғындарға ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына да тапсырыспен домбыра жасайды. Нұридин шебердің қолынан шыққан ерекше аспаптың бірі Ағадыр кентінің тұрғыны Алшағыр Жақаевтың қолында.

Алшағыр Жақаев, Ағадыр кентінің тұрғыны:

- Әрине, мен ол домбыраны 6-7 айдай жасаттым. Соның ішінде Нұридин екеуіміз бір-бірімізге келіп тұрдық. Мен осы шеберханасына келіп тұрдым. Одан кейін менің қолым тимей жатса, домбырасын қолына ұстап, үйге келіп, содан домбыраны мына менің дауысымның ырғағымен дәлдеп тұрып жасады. Бұл енді керемет өнер. Екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын.

Келешекте ерлі-зайыптылар шеберхананы кеңейткісі келеді. «Бабадан қалған саф өнерді жастарға үйретсем», – дейді Нұридин. Себебі домбыра – қазақтың жаны. Ол келешек ұрпақтың қолынан үзілмеуі тиіс.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz