Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен халықаралық ән байқауында бас жүлде иеленді, деп хабарлайды 24KZ. Тарихи жеңіске қол жеткізген қазақ қызының өнері көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болған. Әлем сахнасында талантымен көпті тәнті еткен жас әнші бүгін біздің арнаға сұхбат беріп, байқаудан алған әсерлерін бөлісті.
Бұл қазақ қызының әлем сахнасын бағындырған сәті. Әйгерімнің ерекше дауысы көпті таңдай қақтырмай қоймады. Байқау талабына сай бірнеше әнді шырқап салған ару төрткүл дүниені талантымен тәнті етті. Өзгеше орындау, келісті келбет пен жоғары талғам. Италия жұрты оның өнеріне осындай баға берді.
Әйгерім Алтынбек, опера әншісі:
- Конкурстың талабы бойынша екі шығарма италиян тілінде болуы керек. Қалған шығармалар француз, неміс тілдерінде орындалу міндетті болды. Жоғары балды алғанымды мен өзім сол конкурста білдім. Өйткені ол құпия нәрсе. Қазылар да бір-біріне қойған бағаларын көрсетпейді екен.
Әйгерімнің өнерге деген сүйіспеншілігін анасы байқап, 5 жасынан талантын шыңдаған. Сол кездегі қаршадай қыз бүгінде елдің абыройын арқалап бірнеше сайыстарда топ жарып келеді. Соның бірі де бірегейі – Италияда өткен «CLIP» опера байқауы. Оған 50-ден аса елден 200-ге жуық қатысушы өтінім берген. Ішінен 92 вокалист тікелей тыңдауға шақырылып, жартылай финалға 22 қатысушы өтіпті. Ал ақтық сынға кіл мықтының арасынан 10-ы таңдап алынған. Әйгерім сол үздіктерден суырылып шығып, бас жүлдеге ие болды.
Әйгерім Алтынбек қанжығасына бірнеше марапатты байлап қайтты. «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік әйел дауысы» аталымдары мен арнайы сыйлық қазақ қызының еншісінде. Бұған дейін мұндай жетістікке Орталық Азиядан ешбір өнерпаз жетпеген.
Еске сала кетейік, «CLIP» опера байқауы – Италияда өтетін ең беделді халықаралық өнер додасы.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Бағдат Қайыркен
Тегтер #опера әншісі #Әйгерім Алтынбек #Италия #CLIP2025 #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz