RU
Толық нұсқаға өту

Халықаралық «Silk Way Star» байқауының 12 қатысушысы елордаға келді

22.08.2025, 18:23 1181

Халықаралық «Silk Way Star» байқауының қатысушылары елордаға келді, деп хабарлайды 24kz.

Алғашқылардың бірі болып Қытай елінің өкілі табан тіресе, соңғы болып Малайзия өкілі жетті. Қазір жарысқа дайындық қызу. Азияның 12 елінен келген өнер иесі бақ сынайды. Ән додасы Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы келісімі негізінде ұйымдастырылып отыр.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Жезтаңдай әншілер додасында отандық өнерпаздармен қатар Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Моңғолия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Армения өкілдері өнер көрсетеді. Олардың күн тәртібі де минуттап белгіленген. Мәселен, кәсіби музыкалық бэндпен дайындықтар, сахналық киімдерді киіп көру, хореография мен вокалдық партияларды пысықтау сынды шаралар жоспарланған. Ал, қатысушылар бір-бірінің репертуарымен таныс емес. Мұның барлығы орындаушылардың сахнада өнер көрсету сәтін ерекше етпек.

Саро Геворгян, қатысушы (Армения):

- Менде еш уайым жоқ. Көңіл-күйім тамаша. Бұған дейін көптеген халықаралық байқауларда бақ сынағанмын. Сондықтан сахнада өнер көрсету аса қиын емес. Барлық қатысушыларға сенімді, лайықты өнер көрсетуді тілеймін. Әрине, жеңіске жеткім келеді. Бұл мен үшін маңызды. Одан бөлек, маған Қазақстанның мәдениеті, ұлттық киімдері ұнайды. Тағамдары да ерекше дәмді деп естігенмін.

Тамга, қатысушы (Қырғызстан):

- Бұл өте ауқымды жоба. Он кезең бойы біз он түрлі шығарма орындаймыз. Сондықтан өте қызықты болады деп ойлаймын. Әр қатысушы өзін әр қырынан көрсетеді.

Жоспардың тығыздығына қарамастан, қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Олар елорданың қонақжайлығын атап өтіп, бос уақыт табылса, қаланың көрікті жерлерімен танысуды жоспарлап отыр.

Фахриддин Хакимов, қатысушы (Тәжікстан):

- Мен түрлі бағыттағы әндерді шырқаймын. Лирикалық туындылармен қатар көңілді шығармаларды да репертуарыма енгіздім. Көрермен өнерімді жоғары бағалайды деген сенімдемін. Қазақстан бізді өте жылы қарсы алды. Алдағы уақытта қала сәулетімен танысып, ел тарихы туралы қызықты мағлұмат аламыз деген ойдамын.

Довран Шаммыев, қатысушы (Түрікменстан):

- Меніңше, бұл бұрын-соңды болмаған керемет музыкалық байқау болады. Сайыста әр қатысушы өз елінің мәдениетін паш етеді. Өнер халықты біріктіреді. «Silk Way Star» жобасы менің алдағы дамуыма үлкен серпін береді деп ойлаймын. Мұнда әрқайсымыздың тың қабілетіміз ашылады деп сенемін. Себебі, біз түрлі жанрда өнер көрсетіп, көрерменге жаңа қырымыздан таныламыз.

Байқау барысында қазақ мәдениетіне де ерекше назар аударылады. Өнерпаздар өзге туындылармен қатар қазақша шығармаларын да орындайды. «Бұл әр ұлттың өзіндік болмысын айшықтап, мәдени ерекшеліктерін паш етеді», - дейді ұйымдастырушылар. Ал, өзбекстандық қатысушы Мадинабону Адылованың айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздармен танысу үлкен тәжірибе.

Мадинабону Адылова, қатысушы (өзбекстан):

- Мен мұндай халықаралық байқауға алғаш рет қатысып жатырмын. Түрлі елден келген өнерпаздармен танысу арқылы олардың мәдениеті, өмір салты туралы қызықты ақпарат білдім. Бұл сайысты жаңа таныстықтар, ерекше әсерлер мен үлкен мүмкіндіктер алаңы деп айта аламын.

«Silk Way Star» байқауы әрбір қатысушы үшін жай ғана сахналық жарыс емес. Бұл өзін әлемдік деңгейде танытуға, туған өлкесін абыроймен таныстыруға берілген мүмкіндік. Өнерпаздар бар күш-жігерін жинап, көрерменге Ұлы Жібек жолының қайталанбас ерекше музыка өнерін паш етпек. Айта кеткен жөн, өнер додасында Қазақстан намысын Alem лақап атымен танымал әнші Батырхан Мәлік қорғайды.

Авторы: Дильназ Тұрғазыева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz