Silk Way Star халықаралық музыкалық байқауы ресми түрде басталды.
Бұл туралы Қытайдағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы форумы аясында жария болды. Ән додасы Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы келісімі негізінде ұйымдастырылған. Бейжіңдегі медиа форумда "Silk Way Star" жобасының елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудегі рөлі талқыланды. Сайыста елімізбен қатар, Әзербайжан, Армения, Грузия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдердің өкілдері өнер көрсетеді. Қазақстан намысын Alem лақап атымен танымал әнші Батырхан Мәлік қорғайды. Гранд финалды 22 қараша күні "Jibek Joly/Silk Way" телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің басты телеарналарында тікелей эфирден тамашалауға болады. Музыкалық жоба Қытайдың CCTV-3 арнасынан да көрсетіледі. Ал байқаудың келесі маусымы Аспан асты елінде түсірілмек.
Ван Мин, CMG көркем-білім беру бағдарламалар бөлімі директорының орынбасары:
- Біздің компания үшін Қазақстанмен бірлесе отырып осындай ауқымды вокалдық шоу ұйымдастыру үлкен мәртебе. Бұл тек шығармашылық жоба ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына үлкен үлес қосатын маңызды қадам. Біз бұл бастаманы Азия елдерін біріктіретін, мәдениеттер тоғысын паш ететін платформа ретінде қарастырамыз.
Тегтер #Silk Way Star #Бейжің #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz