Батыс Қазақстан облысында жуырда «Жайық қалашығы» атты тарихи-археологиялық, сәулет-этнографиялық музей-қорығы құрылды.
Жас мекемеге жүктелген міндет - қала іргесіндегі көне шаһардың орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыру, туристік тартымдылықты арттыру. Ғасыр басында табылған ежелгі археология ескерткішіне ешкім көңіл бөлмей, кейінгі кезде көң-қоқыс басып, мал тапап жатқаны жасырын емес.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
-Орал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан көне қала орны 2001 жылы газ құбырын тарту кезінде кездейсоқ табылды. Археологиялық зерттеулер ескі шаһардың орта ғасырларға, яғни 13-14 ғасырларға тиесілі екенін анықтады. Зерттеу жұмыстары бұл жерде қала және сәулет мәдениеті өте жоғары деңгейде болғанын көрсетті.
Жайық өзенінің алабында орналасқан шаһар кезінде қолөнері мен өнеркәсібі өркендеген әкімшілік орталық болған, ірі сауда жолының бойында орналасқан. Көне кенттен тұрғынжайлар мен мешіт, монша, кірпіш және әк күйдіру пештері табылса, қасындағы белестен екі мавзолейдің орны айқындалды. Шаһар шапқыншылыққа ұшырамаған. Он жыл бұрын мұнда қазба жұмыстары доғарылып, консервация жасалды. Содан бері ескі қала елеусіз қалды.
Мирболат Ерсаев, «Жайық қалашығы» музей қорығы МКҚК директоры:
- Қазіргі жай-күйі көңілге қонымсыз. Себебі әр обаның орнында қоқыс, жан- жақтан қоқыс төгілуде. Тұрғындар да, өтіп жатқан адамдар да неше түрлі мусорды төгіп кетеді. Тағы бір проблема болып тұрған құс фабрикасының құстың нәжісі деп атаймыз ғой. Соның бәрін шығарып, біздің аумаққа тастап жатыр.
Биыл осы тарихи орынға қайта көңіл бөлінді. «Жайық қалашығы» атты арнайы коммуналдық кәсіпорын құрылды. Жас мекемеге жүктелген міндет көне кенттің орнын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру.
Қуанышбек Мұқанғалиев, БҚО Мәдениет және тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Жібек жолы бойындағы қалашықтарды дамыту, қалпына келтіруде бүгінгі күні мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде біздер осы Жайық қалашығын өзінің қорымын, жатқан жерін болашақта визит орталығы түсетін жерді қоршап, визит орталығының құрылысын бастағымыз келіп отыр. Одан кейінгі кезеңдерде ашық аспан астындағы музей бар.
Күні кеше музей-қорықтың бас жоспары облыстық мәслихат сессиясында талқыға түсті. Келешекте мұнда спорттық-мәдени нысандар салып, қорық аумағын тек туристер емес, қала жұртшылығы жаппай демалатын, серуендейтін орынға айналдыру көзделген.
Мирболат Ерсаев, «Жайық қалашығы» музей қорығы МКҚК директоры:
- Сол жоспарды облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап және де осы қаланы туристік бағытта дамыту, рәсімдеу, реттеу бойынша тапсырма берілген болатын. Болашақта бұл жерде болатын үлкен қаланың орны өлшем бірліктеріне сәйкес өз қалпына қайтадан келтіру жұмыстары атқарылатын болады. Және де туристік бағытты дамыту бойынша үлкен сол кезеңге тән мынау қолөнер шеберлерінің және ата-бабамыздың дәстүрін сақтайтын, сол бұйымдар жасайтын дүниелерді қолға аламыз.
Археологтар көне қаланың Алтын Орда дәуіріне тиесілі екенін айтады. Ал кейбір ғалымдар бұл жерде Шайбанилар әулеті билеген Көкорданың астанасы болған деп пайымдайды.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #көне ескерткіштер #музей #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz