Ақтауда Қорқыт ата атындағы кинофестиваль мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.
Халықаралық мәдени шара биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Түркі тілдес елдерде, сондай-ақ Мажарстанда түсірілген фильмдер екі күн бойы көрермен назарына ұсынылды.
Кинофестиваль бағдарламасына 47 фильм енді. Түрлі жанрдағы жобаларды халықаралық қазылар алқасы саралады. “Деректі фильм” аталымында қазақстандық “Пряники” туындысы топ жарса, қырғыздың “Қара. Қызыл. Сары” үздік көркем фильм атанды. Айта кеткен жөн, дәстүрлі шара түркі әлемін киноөндірісі саласында бірлесе әрекет етуге үндейді.
Нұржан Мұхамеджанова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазақстан мен Өзбекстан арасында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың, одан кейін Самарқандтың төріндегі небір ғұлама ғалымдарымыздың тарихын зерделейтін ортақ бір деректі фильмдерді өндірсек пе деген жоспарымызға байланысты жақсы бастамалар көтерілді.
Ақтауға кинофестивальге орай 6 мемлекеттен ұлттық кинокомпаниялары және есімі әлемге танымал артистер арнайы келді. “Достық” үйінде киносаммит өтіп, түркітілдес мемлекеттердің киноөнер шеберлері ынтымақтастық туралы мемордумға қол қойды.
Әділет Омаров, "Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы" КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Маңғыстауды болашақта кинолокация ретінде қарастыру мақсатында әдемі жерлерін көрсеттік. Көгілдір экран арқылы біздің елімізді, жерлерін, мәдениетін насихаттау болып табылады. Осы кинофестивальге мұрындық болған барлық ұйымдарға, көрерменге үлкен алғысымызды айтамыз.
Фестиваль қорытындысында отандық “Жоқтау” фильмін түсірген Аруан Анартай “Үздік режиссер” номинациясын жеңіп алды. Оның әзербайжандық әріптесі “Үздік сценарий” аталымында жеңімпаз атанды. Салтанатты шара соңында халықаралық “Қорқыт ата” кинофестивалін өткізу кезегі Түркияға тапсырылды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев
Тегтер #Қорқыт ата #кинофестиваль #жеңімпазPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz