Оңтүстік Кореяда Чусок – егін мен ризашылық күні атап өтіліп жатыр. Елде мерекелік іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырылды. Корей сахналарында қазақстандық әртістер де өнер көрсетті.
Кёнгидо өнер орталығының сахнасында – Алматы корей театрының әртістері өнерлерін паш етті. Олар Моңғолия және Оңтүстік Корея ұжымдарымен бірге Азия би фестиваліне қатысты. Қазақстандықтар қазақ және корей билерін билеп, балет қойылымын көрсетті. Әртістердің қимыл-қозғалыстарын экрандағы анимация толықтырды.
Мин Хе Джин, Азия би фестивалінің балетмейстері:
- Кёнги провинциясында көпмәдениетті отбасылар мен шетелдік еңбек мигранттары көп. Біз бұл фестивальді олардың осы егін мерекесінде жерлестерімен бас қосып, әсем сәттерді сезінуі үшін ұйымдастырдық.
Сон Джон Хак, актёр:
Қазақстан, Моңғолия және Оңтүстік Корея – үш ел бір сахнада өнер көрсетті. Керемет әсер алдым! Қазақстандық қойылымдар өте тартымды болды. Бәріне алғысымды білдіремін.
Ал Солтүстік Чхунчхон провинциясындағы Йондон уезінде Павлодар облыстық филармониясының ұжымдары дәстүрлі музыка бойынша дүниежүзілік көрмеге қатысты. Бұл іс-шараға 30-дан астам елдің әртістері жиналды. «Нұр» және «Рух этномикс» ансамбльдері көрермендерге қазақтың аспаптары мен әндерін таныстырып, халық билерін орындады.
Сәуле Мұқаева, Павлодар облыстық филармониясы басшысының орынбасары:
- Бүгін ЭКСПО сахнасында біз 20 минуттық өнер көрсеттік. Ол жерде "Рух этно-микс" ансамблі "Шаңырақ" орталығының орындауында, жанды дауыста, біздің "Нұр» би ансамблімен бірге қосылып өнер көрсеткен болатын. Концерттік бағдарламамызда Айгүл Жұмағұлова өнер көрсетті. Біз ЭКСПО аясында бұл сахнада ғана емес, бірнеше сахнада өнер көрсеттік және 10 күн шеңберінде шеберлік сыныптарын да өткіздік.
Шетелдік әртістер қатысқан концерттерді тек жергілікті халық қана емес, Оңтүстік Кореяның түкпір-түкпірінен келген туристер де тамашалай алады. Өйткені Йондон өз жемістерімен танымал. Мұнда жүзім, шабдалы және алмадан дәм татуға болады. Биылғы егін мерекесі 10 күнге созылады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Оңтүстік Корея #әртістер #би өнеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz