Көрнекті ғалым, шығыстанушы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Алматы іргесіндегі Таңбалы Тас шатқалында халықаралық рухани-мәдени шара өтті.
Форумға Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей және Үндістаннан келген этнологтар, археологтар, тарихшылар, антропологтар мен мәдениет саласының мамандары қатысты.
Ғалымның 190 жылдығына орайластырылған жартас өнерін зерттеушілер форумының дәл осы жерде ұйымдастырылуы бекер емес. Іле өзенінің бойында, Таңбалы-Тас шатқалындағы жартастардың бетінде дұға жасап, терең ойға шомылып отырған Буддалардың бейнелері қашалып салынған. Бұл суреттер XVII ғасырға тиесілі. 1856 жылы Қашғарияға жасаған сапары барысында Шоқан Уәлиханов осы жартас суреттерінің алғашқы нобайларын салған. Ғалым өз еңбектерінде үш Будданың бейнесін мұқият зерделеп көрсетеді.
Бибігүл Дәндіқарақызы, "Таңбалы" мәдени және тарихи музей- қорығының директоры:
- Еліміздегі осындай тарихи-мәдени мұраларымызды әлемдік деңгейде танымал етуіміз қажет. Сондықтан бүгінгі іс-шараның да ерекшелігі сонда, мынау он жетінші ғасырдың аяқ шегіне жататын будда тас бейнелерін жаңағы көрсету, паш ету мақсатында халыққа көрсету мақсатында біз арнайы осы шараны ашық аспан астында, сол нысанның өзінде, будда суреттерінің маңында жанында жаңағы өзара пікір алмасу масақтында ұйымдастырып отырмыз.
Ғалымдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандарды басқару, музейлендіру, сақтау және қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Айта кету керек, ашық аспан астындағы бұл орын әзірге аталған тізімге енгізілмеген. 2020 жылдан бастап «Таңбалы Тас» археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып саналады.
Денис Максимов, Карелия қолжазбаларды басқару орталығының басшысы /Ресей/:
- Мұндай іс-шаралар өте қажет әрі маңызды. Жетістіктерімізбен бөлісіп, сондай-ақ мәселелерді де ортаға салу маңызды. Шешу жолдарын тауып, бір-бірімізге көмектесе аламыз. Сонымен қатар, ортақ ісіміз — дүниежүзілік мұра нысандарын зерттеу мен насихаттаудағы ынтымақтастығымызды жалғастырамыз. Бұл нысандарды сақтаудың ең жақсы жолы – адамдарға осы ескерткіштердің құндылығы мен маңыздылығын жеткізу."
Бұл мемлекеттік қорық-музейінің бір нысаны. Іс-шара аясында шетелдік ғалымдарға Жамбыл ауданында орналасқан, әлемге әйгілі «Таңбалы» археологиялық кешені көрсетіледі. Бұл нысан 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Мұнда өткеннің тылсым сырларын бүгіп жатқан шамамен 5000-ға жуық петроглифтерді кездестіруге болады.
Хайрулло Ибайдуллаев, "Сулайман-Тоо" музей кешенінің бас директорының орынбасары /Қырғызстан/:
- Қырғызстанда да көптеген жартас суреттері бар. Мысалы, Саймалы-Ташта 100 000-нан астам петроглиф бар. Ал біздің нысанымыз Сулайман-Тоо аумағында 400-дей петроглиф орналасқан. Бұл ескерткіштер арасында тығыз байланыс бар, өйткені қырғыз бен қазақ халықтарының рухани дүниесі мен өмір салты өте ұқсас. Қазір петроглифтерді сақтау мәселесі өзекті. Біз де «Танбалы» музейімен тәжірибе алмасқымыз келеді, себебі олар бұл салада алда, үлкен тәжірибеге ие".
Ғалымдардың айтуынша, «Танбалы Тас» археологиялық кешенінде зерттеулерді жалғастыру қажет. Себебі жартастардың арасында әлі табылмаған тағы бір Будда бейнесі болуы мүмкін деген жорамал бар.
Гүлжан Көленқызы, Индира Оңғарбаева, Айдос Қалиев
Тегтер #шоқан уәлиханов #Алматы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz