Қарағандылық дизайнер ежелгі қолөнер түрін жаңғыртты.
Евгения Шульц сүйекке ою-өрнек салады. Бұл кәсіптің тарихы тереңде жатыр. Шебердің коллекциясында қайталанбайтын ерекше бұйымдар бар.
Этнодизайнер Евгения Шульцтің қолына түскен сүйек көне дәуір мәдениетінен сыр шертетін ерекше дүниеге айналады. Шебер бұрын киізден киім тігіп, түрлі аксессуар жасаумен айналысты. Кейін сүйекке ою-өрнек салу өнеріне ден қойды.
Евгения Шульц, этнодизайнер:
- Алдымен мал сүйегін бірнеше сағат бойы арнайы химиялық заттармен қайнатамыз. Оны тым көп қоссаң, сүйек үгітіліп кетеді. Сондықтан мөлшерін білу өте маңызды. Қайнаған соң суытып, тазартамыз. Егер сүйектің бйоында кішкентай ет не сіңір қалса, ол шіри бастайды. Мысалы, мына бас сүйекті мен бірнеше апта өңдедім.
Сүйекке өрнек салу оғай емес. Шалыс кетсе морт сынып немесе жарылып еңбек зая кетеді. Бір бұйымды жасау үшін екі ай жүрген кезі болыпты. Осындай төзімділік пен еңбекқорлығының арқасында шебердің әр туындысы ерекше.
Евгения Шульц, этнодизайнер:
- Мұндай кәдесыйлар ертеректе тұмар есебінде қабылданған. Адамдарды ауру-сырқаудан, жаманшылықтан, кедейліктен қорғайды деген түсінік болған. Мысалы, жауырын сүйегінен жасалған бұйым отбасында береке-бірлік болсын деген ниетпен қыз ұзатылғанда берілген.
Евгения Шульц сүйекке ою-өрнек салудың әлемдік орталығы саналатын Германияның Эрбах қаласында шеберлерден тәлім алған. Аз уақытта ісі алға басып өзінің жеке брендін қалыптастырды. Оның туындылары шетелде де танымал. Сүйек пен киізден жасаған туындылары АҚШ, Франция және Германияда сұранысқа ие. Ол келешекте ауқымды көрме өткізуді армандайды.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #дизайнер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz