Шағын ауылда мұражай ашқан азамат. Ташкент облысының Бостандық ауданында кіл қазақтар қоныстанған Шақшам атты елді мекен бар.
Сол ауылдың тұрғыны өз үйінен мұражай ашып, аймақтан шыққан батырлар мен ақындар, өнер қайраткерлері туралы деректер жинап, құнды жәдігерлерді сақтайды.
Ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен Данияр Құсанов ұлттық қолөнерді айшықтайтын жәдігерлерді жинауға бала кезден әуес болғанын айтады. Тарихы терең ауылдан түрлі әшекей заттар, батыр бабалардың қаруы мен әжелер тоқыған алаша, текемет пен кілем сынды заттарды жинапты. Оларды өзгелер де көрсін деген ниетпен өз үйін шағын мұражайға айналдырған.
Данияр Құсанов, Шақшам ауылының тұрғыны:
- Мақсатым кейінгі ұрпақ ата-бабамыздың қолөнерін халық, еңбегі сіңген адамдарды, батырларымызды жазушыларды әлем танысын, басқа ұлттар да көрсін дедім. Жақында Германиядан туристер келді. Сонымен қатар Италия мен Араб елінен де келді.
Ерекше мұражайды көруге осы елде тұрып жатқан қандастарымызбен шетелдік саяхатшылар да арнайы келеді екен. Олар құнды жәдігерлермен танысып қана қоймай қазақтың ән жырын ұлықтаған жастардың өнерін тамашалайды.
Ерболат Пернеев, Бостандық ауданы Қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Қазақтың дәстүрін сақтап келеміз. Бізге осының барлығына жағдай жасап беріп отырған өзбек ағайынға алғысымыз зор. Той-жиын, түрлі шаралар түгел қазақ тілінде өтеді.Өзбек ағайынмен қазақтардың достығы мәңгі болсын.
Ресми мәлімет бойынша Өзбекстанда 900 мыңға жуық қандасымыз өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі Ташкент облысы мен Наваи аймағын мекендейді. Сондай-ақ тоғыз өңірде қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істеп тұр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мұражай #Өзбекстан #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz