Жезқазғанда облыстық музейде және қолөнер шеберлерінің жеке қорында сақталған көне кимешектер көпшілік назарына ұсынылды.
«Киелі кимешек» көрмесі Республика күніне орай ұйымдастырылды. Көрмеге 20 кимешек қойылды. Жәдігерлер қатарында жиырмасыншы ғасырдың басында күміспен өрнектеліп тігілген бас киім бар.
Қазақтың ұлттық бас киімі кимешекті кию мен сыртынан шылауыш тарту әр өңірде әр түрлі болған. «Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – кимешектің қазақ тұрмысындағы орнын ұғындыру» дейді қолөнер шеберлері. Себебі кейінгі буын оны мереке күндері ғана іздейтін болған.
Тұрар Шәкен, көрмені ұйымдастырушы:
- Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз бірінші кезекте қазаққа өзінің ұлттық киімін таныту. Міне бұл сенің өзіңнің киімің, мынаны әжелерің киген, ата-бабаларың киген киім осы, қазақтың киімінің ұлттық өрнегі осындай болған. Сондықтан осы «Киелі кимешек» арқылы барлық қазақтың ұлттық киімін, дәстүрін көрсету, қазаққа өзін-өзі таныту деген мақсатта жасалған жоба.
Көрмеге Жезқазған музейінде және қолөнер шеберлерінің жеке қорында сақталған кимешектер қойылған. Мәселен, белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтан Қазақстанның әр өңіріне тән 19 кимешектің үлгісін ұсынды. Оның басым бөлігі түпнұсқа. Ең көнесі жиырмасыншы ғасыр басында тігілген.
Тілек Сұлтан, этнодизайнер:
- Бұл жерде кимешектің 7-8 үлгісі бар. Негізінен мынау арғын, найман руларыныкі, Ұлы жүз албан, суан, дулат, сосын кіші жүз адай, сосын қазақ өңіріндегі Әлім руларының кимешек үлгірені қойдық. Ең жаңасы 80-жылдары киілген кимешектер. Ең көнелері 100 жылдан асып кеткен кимешектер. 20-30 жылдарға дейін тігілген кимешектер.
Көрмеге келген жұрт кимешектің түрлерімен танысып қана қоймай, оған қатысты салт-дәстүрге де қанығады. Өзге де қазақтың дәстүрлі киімдерінің сән көрсетілімін тамашалайды. Ұлттық киімге қызығушылығы бар жастарға арналған шеберлік сабақтары өтеді. Онда кимешекке күндік орау және шылауыш тарту әдістері үйретіледі.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серекбаева
Тегтер #Жезқазған #Кимешек #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz