Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Ташкентте «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы сахналанды. Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры ұжымы сахналаған тарихи қойылымды көруге Орталық Азияның мәдениет министрлерімен зиялы қауым өкілдері сондай-ақ қала тұрғындары келді.
Хан Сұлтан Алтын орда операсы Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды. Әлішер Новаи атындағы Өзбекстанның академиялық балет театрының іші абыр сабыр. Билеттер санаулы күнде сатылып кеткен. Қойылымға 250 өнер иесі, оркестр, хор, балет труппасы және 16 тоннадан астам сахналық декорация мен костюмдер жеткізілді. Аты аңызға айналған театрдың қойылымына қызығушылық өте жоғары. Операны тамашалауға Орталық Азия және Әзірбайжанның мәдениет министрлері келді. Қойылым басталмас бұрын актерлермен кездесіп естелік суретке түсті.
Опера классикалық өнер мен заманауи технологияны біріктіріп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. 3D форматтағы графика Алтын орда дәуіріне жетелеп, бір сәт тарих қойнауына апарды.
Денис Соколов, Ташкент қаласының тұрғыны:
- Өте көремет қойылым болды. Дәл осындай операның Орталық Азияда сахналануына қуаныштымын. Маған оркестірдің өнері, кейбір әртістердің ерекше дауыстары қатты әсер етті. Сондай-ақ этникалық музыканың әуені тамаша болды.
Қойылым түркі елдері үшін бөтен емес. Түбі бір халықтардың ортақ тарихы сахналанды. Мұны көзі қарақты көрермен де жақсы түсінеді.
Тамара Чхидзе, Грузин дизайнерлері қауымдастығының өкілі:
- Мен бұл спектакльді екінші мәрте көріп тұрмын. Премьерасын Қазақстанда көріп қатты әсер алдым. Орталық Азия халықтарының тұтас мәдениетін көрсететін бірегей опера. Ал костюмдер тіпті керемет. Арнайы әзірленіп, әдемі үйлесім тапқан.
Гуюк Назмединов, өнертанушы ғалым:
- Шынын айтсам өте таң қалып тұрмын. Мұндай болады деп ойламады. Сол дәуірдегі тарихи оқиғаларды әдемі, үйлесімді көрсетті. Авторларға алғыс айтамын. Осы тақырыпты қозғағандары, арнайы эфектілермен жұмыс істеуі бәрі,бәрі өзіндік с тильді қалыптастырды.
«Хан Сұлтан» операсы Ташкенттік көрерменнің ұзақ уақыт есінде қаларындай әсер қалдырды. Әртістерге Орталық Ази және Әзірбайдан мәдениет министрлерінің атынан ықылас гүлі табыс етілді. Бауырлас мемлекеттер арасында мәдени байланыс жылдан жылға артып келеді. Театрлардың бір-біріне гастрольдік сапарға барып тарихи қойылымдар сахналауы соның бір айғағы.
Тегтер #Ташкент #опера #спектакль #әртістер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz