RU
Толық нұсқаға өту

Астанада эстон халқының мәдени кеші өтті

18.11.2025, 23:10 423

Эстония өнерпаздары «Астана Операда» өнер көрсетті. Арво Пярттың 90 жылдығы мен Вельо Тормистің 95 жылдығына орай елорда төрінде мәдени кеш өтті.

Шараға Эстония Президенті Алар Карис пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Қазақстан мен Эстония арасындағы географиялық алшақтықты мәдени мұра жақындатады. Бұл сөзді Астана Операдағы ән кеші айғақтады. Мемлекеттік сапармен келген Алар Карис пен оның өнерпаздардан құрылған делегациясы мәңгілік мәдени байланыстың мөрін басты. Кеш басында сөз сөйлеген Эстония Президенті тереңнен тамыр тартатын достық беки түсетініне тілектестік білдірді.

Алар Карис, Эстония президенті:

- Түрлі себеппен Қазақстанға қоныс аударған эстон көп. Кейбірі жақсы жаңа өмір іздеп келсе, енді бірі Кеңес Үкіметінің тұсыннда туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Алайда қазақ халқы әрдайым эстондарға қонақжайлылық пен қолдау көрсетті. Бұған шын жүректен алғыс айтамыз. Бүгінгі кеште достығымызды музыкамен атап өтеміз. Бұл сапар біздің есімізде ұзақ сақталады.

Кештің мазмұны мәнді һәм мағыналы. Бағдарлама эстон халқының көрнекті композиторлары Арво Пярт пен Вельо Тормистің туындыларынан тұрды. Жас өнерпаздардан құралған ішекті аспаптар оркестрі екі тұлғаның мұрасын кезек-кезек, әсерлі диалог ретінде орындады.

Расмус Пуур, дирижер:

- Бұл бағдарлама эстон музыкасына, рухына һәм сезіміне арналады. Оркестр орындайтын әндерде эстондық өте терең әрі ерекше нәзік үн бар. Оны тыңдау арқылы халқымыздың рухын сезіне аласыз. Арво Пярт пен Вельо Тормистің туындыларын әдейі таңдап алдық. Олар өмір бойы дос болды, әрі біреуі екіншісіне ұстаз. Соған қарамастан екеуінің де әлем мәдениетінде алар орны ерекше.

Бағдарламадағы әндер де кездейсоқ таңдалмаған. Туындылар достықты дәріптеп, бауырмалдыққа шақырады. Кеш солисі Ханс Кристиан Аавиктың айтуынша, мұның астары терең. Себебі ол Эстония мен Қазақстан арасындағы байланысты да бейнелей алады.

Ханс Кристиан Аавик, концерт солисі:

- Келешекте барлық ұлт дос, бауыр болса деген тілек бар. Менің қазақстандық скрипкашы достарым бар. Ал бұл елге алғаш рет келіп отырмын, бірақ соңғы рет емес деп үміттенемін. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын.

Эстон халқының Қазақ еліне деген ықыласы ерекше. Балтық еліндегі компания Арқалық қаласындағы мектепке пианино сыйлады.

Олег Оссиновски, кәсіпкер:

- Біз Эстония роялын сыйладық. Бұл әлемдегі ең үздік роялдың бірі деуге болады. Арқалықты әдейі таңдап алдық. Шағын қалаларды қолдауға үлкен мән береміз. Екі елдің мәдение байланысы жоғары деңгейде. Бізге қазақстандық өнерпаздар жиі келеді. Эстон халқы қазақ өнерінен хабардар.

Кеш соңында көненің көзі мен заманауи үн бірікті. Сахнадағы бақсы сылдырмағы мен ішекті аспаптар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz