RU
Толық нұсқаға өту

Silk Way Star байқауының жеңімпазы анықталды

23.11.2025, 11:05 460

Астанада «Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетті. 12 мемлекеттің өнерпазы бақ сынаған байқаудың ақтық сынына жеті әнші қатысты.

Моңғолия өкілі төрешілердің бағасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесінде үздік деп танылды. Ол шоудың алғашқы эпизодынан бастап өзін жан-жақты және көркем орындаушы ретінде танытты. Сонымен қатар бірнеше тілде ән шырқап ыстық ықыласқа бөленді. Олардың ішінде қазақтың халық әндері де бар. Жобаның финалында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

– Silk Way Star – Азия елдерінің рухани ықпалдастығын нығайтып, халықтарымыздың достығын бекемдей түсетін бірегей бастама. Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

Раушан Қажыбаева ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры:

- Биыл маусым айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның кездесуі кезінде 12 мемлекет қатысатын халықаралық музыкалық жобаны бастау туралы құжатқа қол қойылды. Осы идеяның авторы Ерлан Тынымбайұлына және Jibek Joly арнасына зор сенім білдіргені үшін шынайы алғысымды айтамын.

Айта кетейік, жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group медиакорпорациясының келісімі бойынша ұйымдастырылған. Байқауда Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея сынды 12 елден қатысушылар өнер көрсетті.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz