Шығыс Қазақстанда елдегі тұңғыш әскери театр құрылды. Ұлттық Ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығының жауынгерлерінен құралған өнер ұжымы сахнадағы алғашқы қадамдарын «Ант» драмалық қойылымымен бастады. Сарбаздар көрермендер назарына әскери өмірдің шынайы көрінісін ұсынды. «Басты мақсат - Отан алдындағы борышты өтеу әр азамат үшін мәртебелі міндет екенін насихаттау», - дейді жастар.
Әскери театр құру идеясына сарбаздар қатарында өнерге жақын азаматтардың көп болуы түрткі болған. Солардың ішінде Шымкенттен келіп, борышын өтеп жүрген Рамазан Өмірзақ та бар. Өнер академиясын тәмамдаған ол сахнаға әбден төселген. Әуезов және Түркістан театрларында жұмыс істеген. Бірнеше телесериалда ойнаған. Сондықтан бүгінгі қойылымның режиссері де өзі. Айтуынша, сценарийді жауынгерлермен бірлесіп жазыпты. «Ал актер іріктеуге келгенде қаруластарыма еркіндік бердім», - дейді ол.
Рамазан Өмірзақ, 5518 әскери бөлімінің сарбазы:
- Сәл талантты, таланты бар ау, шығады ау деген солдаттарды жинап алдық та, оларға еркіндік бердік. Бұл жерде әскердің өмірі көрсетілген, солдаттар өзін ойнайды, мен де өзімді ойнаймын, шынайылық бар бұл жерде.
Жауынгерлік өмірдің әр күні. Талап пен міндет. Әр солдаттың жан дүниесі. Сахна иелері көрерменге осының бәрін шынайы жеткізуге тырысты. Қойылым әскери бөлімді тек қатаң тәртіп пен жауынгерлік міндеттер жүйесі деп қабылдап келген талайдың ойын өзгертті.
Әділ Құттыбаев, 5518 әскери бөлімінің сарбазы:
- Жалпы әскерде жүріп шығармашылықпен айналысуға болады екен. Әскерде тәртіп қатаң деп естіп жатамыз. Олай емес, шығармашылықпен айналысуға болады.
Ерасыл Дәулетхан, мектеп оқушысы:
- Осы қойылым маған өте ұнады, жақсы көңіл-күй берді. Әскерге деген ойым өзгерді.
«Ұлттық Ұлан сарбаздары бұдан басқа да мәдени шаралардың басы-қасынан табылып, өздерін жан-жақты көрсетіп келеді», - дейді қолбасшылық өкілдері.
Арман Сейітов, Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары:
- Әскер бұл - тек жауынгерлік тапсырмалар мен ерлік жасайтын жер ғана емес. Мұнда нағыз қарбалас өмір бар. Біздің жігіттер театрдан бөлек, көңілді тапқырлар клубында да ойнайды, спорттық сайыстардан да қалыспайды.
Тұңғыш әскери театр ұжымының жоспары да көп. Алдағы уақытта Павлодар, Семей, Курчатов қалаларына гастрольдік сапарға шықпақ.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов
Тегтер #Өскемен #әскер #театрPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz