Еуразия ұлттық университетінде «Ән мен тіл тоғысы» атты жоба жүзеге асырылып, шетелдік 100 ән қазақ тіліне аударылды. Бұл бастама «Жаңа Асу» байқауында 10 млн теңге көлемінде грант жеңіп алған. Аударма жұмыстарына филология факультетінің оқытушылары, жас ғалымдар, студенттер және «Топжарған» ақындар клубының мүшелері атсалысты.
Қазақ тіліне аударылған туындылар қатарында Селин Дионның «My Heart Will Go On», Мұрат Насыровтың «Я - это ты», Энрике Иглесиастың «Bailando» сияқты әлемге әйгілі әуендер бар. Қазір мамандар әндердің бейнебаянын дайындап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған тың бастама.
Серікзат Дүйсенғазы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы, жоба жетекшісі:
- «Жаңа асу» деген жоба бар, соған біз арнайы мамандарды жинап, жобаны жасап, ұсындық. Комиссиядан өттік. Бір жыл бойы жұмыс жүргізілді. Бұл тек қана әннің мәтіні ғана емес, ритммен жұмыс істеу, иллюстрация жасау, интернет нұсқасын жасау, келешекте енді караокелерге өзіміздің нұсқамызды ұсынатын боламыз. Ағылшын, француз, испан, орыс тілі де бар оның ішінде неміс тілі, modern talking сияқты, басқа әйгілі әндердің бәрі аударылды.
Сырым Жанмұратұлы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «қазақ тіл білімі» кафедрасының аға оқытушысы:
- Бұл жобаға өзіміздің студенттерімізді, өнерлі, кәсіби деген мамандарымызды тарттық. «Жаңа асу» байқауы бойынша 10 млн, 5 млндық қаржыландыру болады. Біздің проектіміз, сол конкурста жеңіп, 10 млн теңге бөлінді. Бұл туындының артында үлкен жұмыс жатыр.
Тегтер #ән #шетелдік #жоба #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz