Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін Өзбекстанға тапсырды. Салтанатты іс-шара «Халық Аренада» үлкен мерекелік концертпен жалғасты. Мыңдаған көрермен, жүздеген әртіс және түркітілдес мемлекеттердің делегациялары бір алаңда бас қосты. Сахнада әсем әуен ойнап, делебені қоздырар ұлттық билер мен спектакльдер қойылды.
Бұл - мемлекеттер мен қалаларды және халықты өзара байланыстыратын үлкен мәдени шара. Ақтау ынтымақтастық пен жаңа мәдени жобалардың алып алаңына айналды.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Ақтау - өзгеше кезең. Ауқымы бойынша да, қамтыған мәселелері бойынша да, іс-шаралар сапасы бойынша өте жоғары болды. Тек Қазақстанда ғана емес, Еуропа мен Америкадада да Ақтау туралы жақсы сөз айтылды.
Эстафетаны тапсыру салтанатына Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 300-ден астам әртіс қатысты. Түріксой ұйымының Ақтауда атқарған жобалары Мемлекет басшысы бастамаларының іс жүзінде орындалып жатқанын көрсетті. «Бауырлас елдерді одан сайын жақындастыра түсті», - дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Бинали Йылдырым, ТМҰ ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Қазақстан түркі мемлекеттері ішінде оқ бойы озық келе жатқан бірден бір ел. Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев көшбасшылығы мен көрегендігінің арқасында аймақтағы бейбітшілікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Түркі әлемінің ынтымағы артып, көпвекторлы саясаты дамып жатыр.
Салтанатты кеш ұлттық әуенге және заманауи қойылымдарға толы болды. Бірлік пен достықтың салтанат құрған сәті сезілді. Меймандардың көз алдында мәдениеттің маңыздылығы мен құдыреттілігі байқалды. Іс-шара соңында Ақтау Түркі Әлемінің мәдени астанасы мәртебесін Өзбекстанның Андижан қаласына тапсырды.
Озодбек Назарбеков, Өзбекстанның мәдениет министрі:
- Андижан — тарихы мен мәдениеті бай шаһар. Қала күллі әлемге қайталанбас мұрасын лайықты деңгейде таныстыра алатынына сенімдімін. Оның ішінде қолбасшы әрі жазушы Заһираддин Мұхаммед Бабырдың қосқан рухани, саяси және мәдени үлесін атап өтуге болады. Түркі халықтарының мәдениеті тоғысқан тоғыз жол торабына айналуына Андижанның барлық мүмкіндігі бар.
Бір жыл ішінде Ақтауда көптеген ірі мәдени іс-шара өтті. Халықаралық форумдар, театр премьералары, көрмелер мен кино және қуыршақтар фестивалі ұйымдастырылды. Каспий жағасындағы әсем қала Ақтаудағы шаралар мәдениет саласының тегеуріні тек мұраны сақтап қана қоймай, өңірді дамытып, туризм мен экономиканың қуатты драйверіне айнала алатынын дәлелдеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев, Ернар Нысанбай
Тегтер #Түркі әлемі #Ақтау #ӨзбекстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz