Нидерландта қазақстандық композитор Рахат-Би Әбдісағинның фортепианолық концерті аншлагпен өтті. Жерлесіміз кванттық механикадағы айтулы оқиға - электрон спинының ашылуына 100 жыл толуына арналған симпозиумға құрметті қонақ ретінде қатысып, өз өнерін паш етті.
Қазақстандық композитор және пианист Рахат-Би Әбдісағин Нидерландтағы симпозиум аясында жеке фортепианода концерт берді. Іс-шара БҰҰ бекіткен кванттық механиканың 100 жылдығына арналған әлемдік серияның бір бөлігі. Мерейлі дата аясында әлем елдерінде конференциялар, көрмелер және Нобель сыйлығының лауреаттары қатысатын ірі кездесулер өтіп жатыр.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор:
- Менің концертім - классикалық музыканың 300 жылдық эволюциясының көрінісі. Оған Бах, Бетховен, Моцарт, Шопен, Лист, Скрябин және өзімнің шығармаларым енді. Бұл шара – кванттық механиканың 100 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге Қазақстанның қосқан үлесі.
Рахат-Бидің сахнаға шығуын көрермендер қошеметпен қарсы алды. Бірнеше күннен кейін композитордың Оксфордта екінші концерті өтеді. Кейін ол Испания, Норвегия және тағы да Нидерландыда өтетін ғылыми конференцияға қатысып, өзінің кітабы бойынша дәрістер мен музыкалық бағдарламалар ұсынады.
Сенс Ян Ван Дер Молен, жаратылыстану ғылымдарының профессоры:
- Оның орындауы маған керемет әсер қалдырды. Өйткені ол концерттің әр бөлігін қалай қабылдауды, негізгі идеясы не екенін егжей-тегжей түсіндіріп отырды. Әр шығарманың өзіне тән терең мағынасы бар. Сондықтан біз үшін оны бақылау қызық болды. Осындай ауқымды шараның жүргізушісі болу – мен үшін үлкен құрмет.
Вим Ван Саарлос, теориялық физика құрметті профессоры:
- Кеш ерекше өтті. Музыка мен жаратылыстану ғылымдарының бір арнаға тоғысуы – сирек кездесетін ғажап көрініс. Концертте ХХ ғасырдың революциялық шығармалары орындалды. Сондай-ақ Моцарт, Бах, Шопеннің туындыларын да тыңдадық.
Қараша айының соңында Рахат-Би Әбдісағин Оксфорд университетінде кванттық симфониясының тұсаукесерін өткізді. Бұл оқиға «қазақтың Моцарты» атанған өнерпаз үшін ерекше мәнге ие болды. Екі жыл бұрын ол Оксфордтағы Вольфсон колледжінің шақыруымен зерттеу жүргізіп, кванттық механика мен академиялық музыканың өзара байланысына арналған кітап жазды.
Авторлары: Әйгерім Ардаққызы, Асель Абдықалықов
Тегтер #Нидерланды #композиторPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz