RU
Толық нұсқаға өту

«The Voice Қазақстан» жеңімпазы анықталды

28.12.2025, 10:12 890

Күзден бері көрерменнің жүрегін жаулаған «The Voice Қазақстан» мегажобасы аяқталды. Өнер додасына қатысуға 2 мыңға тарта адам өтініш білдірген.

Іріктеуден соң 65 үміткер «көрмей тыңдау» кезеңіне өтті. Одан сүрінбегендер тәлімгерді өздері таңдады. Жұртшылық әр бағдарлама сайын қатысушылардың өнеріне тәнті болып отырды. Жарыс ширек финалдан бастап тікелей эфирде өтті. Енді міне ақтық сын да аяқталып, жеңімпаз анықталды.   

«The Voice Қазақстан» музыкалық жобасының жеңімпазы Нұрай Мықты. Ол шынымен де мыңдаған өнерпаздың ішінен суырылып шығып, мықтылығын дәлелдеді. Көпшілікті өнерімен тәнті етті. Финалдың үш кезеңі де тартысқа толы болды. Дауыс беру көрсеткіші бойынша Бексұлтан Кенішқалиев пен Нұрай Мықты қатар келе жатты. Соңғы сәтке дейін кімнің бағы жанатыны белгісіз болды. Нәтижесінде дауыс бергендердің  жартысына жуығы  Нұрай Мықтыны таңдады.

Нұрай Мықты, «The Voice Қазақстан» жобасының жеңімпазы:

- Мен соңына дейін пайыздың нәтижесін білген жоқпын. Мен үшін өте таңғаларлық жағдай болды. Мен барша қазақ еліне, мені қолдаған маған дауыс берген барша адамға алғысым шексіз. Бұл эмоцияларды сөзбен жеткізе алмаймын. Менің көзім жеткізсін. Байғали Ермекович мэтр,  маэстро, ең үздік.

Нұрайдың тәлімгері Байғали Серкебаев. Ол шәкіртінің бойынан музыкаға деген сүйіспеншілікті, адалдықты байқадым. «Ал әншілік талантын, кәсіби шеберлігін халықтың өзі бағалады», - дейді.

Байғали Серкебаев, «Тhe Voice Қазақстан» жобасының тәлімгері:

- Мен бәрі үшін қуаныштымын. Ал Нұрайдың жеңгеніне ерекше қуаныштымын. Мен көрмей тыңдау кезінде-ақ оның дауыс ырғаағын,  жалпы музыкалық қабілетінің зор екенін байқағанмін. Ол өмірін өнерге  арнаған жан. Ата-анасы қыздарына қалай қолдау білдірді десеңізші. Бұл да өте маңызды.

Нұрайдың әкесі өнерден алыс емес. Өзі де әуелетіп ән салады. Айтуынша, қызы тілі шыққаннан ән айтуға талпынған. Сол қабілетін ерте байқап, бағыт-бағдар беріп отырған. Талай байқауға өзі бастап апарған. «Бұл жолы да дәл солай болды», - дейді.

Жандос Сейітқалиев, Нұрай Мықтының әкесі:             

- Бірінші турда «папа сіз мені өзіңіз алып келдіңіз ғой, деді. Иә, алып келіп, осы жерге қатыстырдым. Ол «бармаймын» деп, ұшақтың билетін өткізіп жіберіпті. Сосын мен көлікке салып алдым да жиналыңдар деп алып келдім.  

«The Voice Қазақстан» жобасынық ақтық мәресіне шыққан қыз-жігіттердің осалы жоқ. Төртеуі де дарынды, талантты әнші. Диас Жорабек, Дана Максимова, Бексұлтан Кенішқалиев, Нұрай Мықты финалға дейін бір-біріне дес бермеді. Ақтық сынның талабына сай  қатысушылар жанды дауыста үш ән орындады. Оның екеуі дуэт. Яғни тәлімгермен және танымал жұлдызбен қосылып, өнер көрсетті.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы қазақ елінің өнерге, әнге үлкен құрмет көрсететінін, үлкен қызығушылық танытатынын да көрдік осы жоба арқылы. Жас таланттарға бір үлкен қызығушылығы мен сенімін көрсетеді. Бұл жоба міндетті түрде өнер саласы үшін өте маңызды. Осындай жобалар біздің таланттарымызды, тек үлкен қалаларда емес, ауыл-аймақтарда да көп. Сол таланттарды ашу бағытында менің ойымша, осындай жобалар көп болғаны маңызды.

«Хабар» Агенттігі дәл осындай  жас таланттарды қолдайды. Ел ішінен дарындарды іздейді. Олардың  үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік жасайды.  «The Voice Қазақстан» – жай ғана жаһандық жобаның нұсқасы емес, ұлттық болмыс пен талантты тоғыстырған өнер алаңына айналды. Үздік дауыс иелерін халқына таныстырды. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz