RU
Толық нұсқаға өту

Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия тапсырылды

03.01.2026, 23:00 394

Астанада мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Президенттің өкімімен 75 адам осындай жоғары марапатқа лайық деп танылды. Бір топ әдебиет, өнер қайраткеріне арнайы стипендияны Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырып, құттықтады.

Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия мемлекеттің мәдениет және өнер қызметкерлеріне деген қамқорлығының айғағы. Мемлекет басшысының атынан стипендия иеленгендер қатарында танымал мәдениет майталмандарымен қатар болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар да бар. Марапат - ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларға көрсетілген лайықты құрмет.

Жандарбек Мәлібекұлы, сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

- Қазір өздеріңіз білесіздер, Президентіміздің арқасында мемлекет өсіп-өркендеу кезеңіне келе жатыр. Мен архитектор есебінде айтар едім, өркендеу деген архитектурада «ренессанс» деп аталады. Барлық салада мемлекеттің өсу эпохасы дәуірі деп айтар едім. Бүгінгі беріліп жатқан марапат жастарға, болашағымызға үлгі.

Бірі – тәуелсіз еліміздің Елтаңбасының авторы, енді бірі – Қазақстанның халық әртісі атағына ие өнер алыбы. Сондай-ақ қаламгер, театр майталманы – барлығы салтанатты рәсімге жиналды.

Меруерт Өтекешева, актриса, Қазақстанның халық әртісі:

- Біз халық үшін ештеңеге қарамай жұмыс істейміз. 17 жасымда кинодан бастадым. Қанша жыл өтті. Бірақ өнерсіз өмір сүре алмаймын. Құман аға екеуміз өмір бойы театрда жұмыс істедік. Қанша біздің аға-апаларымыз сонда жұмыс істеп, үлкен із қалдырды.

Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бойымызға одан сайын қуат жинап, шығармашылық жұмыстарды күшейтуге уәде беріп отырмыз. Осындай басқосулар жыл сайын болып тұрса, қаламгерлерге, өнер адамдары үшін өте көрнекті де өрнекті, қадірлі жұмыс бола береді. Сондықтан алғысымды білдіремін.

Стипендиаттар қатарында Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Қайрат Байбосынов және өзге мәдениет қайраткерлері бар. Қолдауға ие болған жас таланттар арасында опера әншісі Мария Мудряк, театр актрисасы Алтынай Нұрбек, театр және кино актері Бәзіл Сұлтанғазы, актриса Екатерина Максим және басқалары бар.

Екатерина Максим, актриса:

- Бүгінгі марапат біріншіден, менің кәсіби жолымдағы зор жетістік. Екіншіден, еліміздегі барлық шығармашылық салаларды, мәдениетті қолдап отырған мемлекетімізге, Президентімізге алғысымды білдіргім келеді. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия осы салада еңбек етіп жүрген барлық мамандар үшін аса маңызды, өйткені біз ең алдымен жүрек қалауымен, шынайы ықыласпен еңбек етеміз.

Шығармашыл қауымды үнемі қолдау – одан әрі шабытпен еңбек етуге ынта береді. Стипендия иегерлерін құттықтай келе, Аида Балаева атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Биыл өңірлерде 61 мәдени нысанның құрылысы аяқталып, 251 ғимарат жөндеуден өтті. Былтыр 200-ден астам мәдениет саласы қызметкері мемлекеттік награда алды. 10 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, 16 жаңа картинаның түсірілімі басталды. Мәдениет саласында білім алып жүрген 1500-ден астам студент түрлі фестивальде жетістікке жетті. Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жалғасты.

Ермек Асылханов, суретші-дизайнер, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Жаңа жылымыз өте жақсы табыстармен басталды. Біз дизайн және бейнелеу саласының өкілдері соңғы жылдары өте жақсы қолдау көріп отырмыз. Үкімет жағынан, әсіресе Президентіміз Қ. Тоқаевтың тікелей қолдауымен өнерімізді жоғары мәртебеге көтеріп отыр. Неге десеңіз, желтоқсан айында Еуразиялық Дизайнерлер одағы дүниежүзілік фестиваль өткіздік. Ол дегеніңіз министрліктің қолдауымен өтті.

Айтқали Жайымов, дирижер, композитор, Қазақстанның халық әртісі:

- Елімізге тыныштық, береке, бірлік тілеймін. Халқымыз аман-есен болсын. Қазір өнер, мәдениет, әдебиет саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл өнер адамына деген қолдау ғой. Әрі қарай шабыттана түсуге, еселеп еңбек етуге үлкен қолдау болып жатыр.

Ұлттық әдебиетті қолдау бағытында да жүйелі жұмыс жалғасуда. Тек 2025 жылы 240 мыңнан астам таралыммен 119 кітап жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты. Былтыр 23 сәуірде Ұлттық кітап күні елімізде алғаш рет кең көлемде аталып өтті.

Авторы: Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz