Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Сингапурде гастрольдік сапарын бастады. Сахнада қазақстандық әртістер классикалық балеттің жауһарларын және әйгілі «Кармен-сюитаны» ұсынды. Өнер кеші ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мәдени бағдарлама аясында өтті.
Сингапур сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасын ұсынды. Алғашқы бөлімде көрермен классикалық балеттің жауһарлары – Аққу көлі, Сильфида және Дон Кихот спектакльдерінен үзінділерді тамашалады.
Кеште әлемдік хореографиядағы ең әсерлі туындылардың бірі – Кармен-сюита да сахналанды. Қойылым Родион Щедриннің Жорж Бизе музыкасы негізінде жазған туындысы бойынша орындалды. Шығармадағы басты кейіпкер Карменнің ролін театр солисі Жанель Тукеева сомдады.
Жанель тукеева, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі:
- Кармен балетіндегі Кармен рөлін сөмдадым. Менің ойымша, менің Карменім өте ақылды, өзіне не керектігін біледі өзінің махаббатымен ылғи да бөліседі. Ол ашық және батыл жан. Мен өзімді осы сахнада өте қуанышты және ашық сезіндім.
Сингапурдегі концертке дайындық барысы шамамен екі аптаға созылды. Қойылымға балет ұжымының 23 әртісі қатысты.
Гүлжан Тұтқыбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі:
- Бағдарламаның орындаушылық құрамына театрдың ең таңдаулы әртістері іріктеліп алынды. Сондықтан спектакль де, жалпы бағдарлама да көрермен үшін өте қызықты болды. Әртістер сахнада бар талантымен өнер көрсетіп, жиналған жұртты тәнтті етті.
Кешті 500-ден астам көрермен тамашалады. Сингапур – театрдың осы маусымдағы гастрольдік сапарындағы үшінші ел. Бұған дейін труппа Қазан мен Ташкент қалаларында өнер көрсеткен.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының Сингапурдағы гастрольдері тағы екі күнге жалғасады. Одан кейін труппа Түркия мен Еуропаның бірқатар еліне гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар
Тегтер #театр #сахна #Сингапур #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz