Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық жәдігерлері Алматы мұражайына қойылған. Көрмеде театр құрылтайшыларының суреттері, алғашқы спектакль афишалары және сахналық киімдер бар.
Әкем-театрдың 100 жылдығына арналған көрмеге 150-ден аса жәдігер қойылды. Қазақ мәдениеті үшін әрқайсысының тарихи құны жоғары. Мынау театрдың алғашқы труппасының суреті. Онда қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов және Әміре Қашаубаев таспаланған. Сол заманда алғашқы қойылымдарға қажетті сахналық киімдер ел арасынан жиналған екен. Мысалы, мына ішік 1930 жылы театр гардеробына түсіпті. Ал мына шапанды 1977 жылы Халық әртісі Асанәлі Әшімов «Таңғы жаңғырық» қойылымында «Жарасбай» рөлін сомдағанда киіпті. Тұңғышбай Жаманқұловтың «Абылай ханды» ойнағанда киген шапаны да көрмеге қойылды.
Наргиз Тамабекқызы, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі:
- Сонымен қатар мынау ортада тұрған шапан бұл талай театрдың мерейтойларында, талай гастрольдік сапарларда көрмелердің төрінде тұрды. Ұлы Абайдың шапаны дейміз, өйткені сол алпысыншы жылдары киген бұл шапанды КСРО халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев пен Қазақстанның халық әртісі Мүлік Сүртібаевтың киген, тері сіңген сахналық киімі.
Бүгінде Мұхтар Әуезов театрының музей қорында 200 мыңға жуық жәдігер бар. Әкем-театрдың тұмарына айналған «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымының суреттері де көрермен назарына ұсынылды. «Еңлік-Кебек» 100 жылда сегіз рет қана сахналаныпты. Ұлт руханиятынан сыр шертетін көрме Алматы музейінің бастамасымен ашылған.
Кәмшат Жиенәлиева, Алматы мүзейінің жетекшісі:
- Бұл көрменің мақсаты – осы еліміздің театр өнерін, жалпы руханиятын дамыту. Осы жас ұрпаққа, музейдің жалпы келушілеріне және бұл көрме осы ақпан айының соңына дейін жалғасады.
Көрмеде сахналық киімдер мен суреттерден өзге қойылым афишалары да сақтаулы. Мысалы, мынау 1958 жылы Қазақстанның Мәскеудегі мәдени он күндігінде қойылған «Шоқан Уәлиханов» спектаклінің афишасы. Одан бөлек, «Абай», «Ана жер Ана» және «Асауға тұсау» секілді көрерменнің ықыласына бөленген спектакль жарнамалары да бар.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев
Тегтер #Алматы #Мұхтар Әуезов #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz