RU
Толық нұсқаға өту

Өмірін өнермен өрнектеген

04.02.2026, 22:00 437

Елге танымал актер әрі режиссер Балтабай Сейітмамытұлы туралы әріптестері осылай дейді.

Расында ол ғұмырын театр мен кино өнерін дамытуға арнады. Актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 76 жасқа қараған шағында көз жұмды. Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық сахна өнеріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Балтабай Сейітмамытұлы 50-ге жуық фильмге түсіп, театр сахнасында 60-тан аса жарқын образды сомдады  Көрерменнің жүрегінде көбіне жағымды образымен жатталып қалды. Өнер иесі «Ғашықтарда» Амантайды, «Менің құрдастарымда» Рахметті,  «Даулы түнгі думанда» Тизейді, «Абай» спектаклінде Айдарды тамаша сомдап шықты. Оған қоса  режиссер және  кино актері ретінде де көпке танылды.  «Өлместің оралуында» Әнуар, «Абай» фильмінде Базаралы сияқты көптеген рольдер өнердегі төлқұжатына айналды.

Дулыға Ақмолда, Қазақстанның Халық артисі:

- Балтабай ағамен театр сахнасында сахналас болмасам да, кинода, өмірде біраз жол серіктес болдым. Махамбет фильмінде бірге жүрдік. Одан кейін мынау режиссер Мұрат Бидосовтың бірталай фильмдерінде екеуміз партнер болдық. “Тар заман” деген фильмде. 01/30Жүрген жерінде ол кісі жалпы, жастарға көрген білгенін, өмірден түйгенін, өсиет қылып айтып отырғанды жақсы көретін.

Балтабай Сейітмамытұлы 1950 жылы Алматы облысының Қастек ауылында дүниеге келген. Оның өнер жолын таңдауына себепкер болған Шәкен Айманов. Даңқты режиссер ауылының маңында кино түсірген. Ол кезде бар болғаны 8-сынып оқыған. «Өнердің, киноның не екенін сонда көрдім. Шәкен ағамен шахмат ойнап, домбырасын тарттым. Сол кісілердің ықпалымен өнерге келдім», деген бір сұхбатында. Қазір  Балтабай Сейітмамытұлының шәкірттерінің өзі кино мен театр сахнасында өнер көрсетіп жүр.

Бақыт Тушаев, мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары:

- Ол кісімен бірге сахналас болдық, Қорқыттың спектакльінде, Қорқытты ойнады. Одан кейін басқа қойылымдарда ойнады. Актерліктің әбден шыңына жетіп болып, туған шағында осы режиссерлікті қолға алды. Біршама 6-7 қойылым қойды Мүсірепов театрына. Сол біраз қойылымдарында басты рөлде ойнадық. Оның ішінде жаңағы Байжиевтің «Жекпе-жегін», өзбек драматургының ... Хушвактовтың жаңағы “Қызыл алмасын” қойды.

Әсет Иманғалиев, актер:

- Осы сахнада өмір сүруіме, сахнада үйренуіме ол кісінің үлкен септігі мол тиген азамат мен үшін. Бірге ойнаған спектакльдерім «Бұлбұлдар үні» деген қойылымда бірге ойнадым және ол кісі режиссерлік еткен спектакльдердің  ішінде «Сағым қуғандар» дегенде  басты рольде және «Мен ұмытылмаймын» деген атпен қойған Мұқағали Мақатаевтің қойылымында Мұқағалиді ойнадым сол кісінің режиссерлігімен.

Шәкірттері мен әріптестері ол кісінің болмысы бөлек адам болғандығын айтады. Ол өнерге адал болды. Талапшыл, мінезі тік болғанымен жүрегі өте нәзік жан еді деп еске алады. Балтабай Сейітмамытұлының сахналық бейнелері өзі еңбек еткен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына енді. Марқұмның жаназасы ертең оқылады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz