Алматыда қазақ лирикасының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған жылжымалы көрме өтті.
Бұл жолғы кештің ерекшелігі - ақынның туған ауылы Қарасаздан арнайы әкелінген құнды жәдігерлерде. Ұлттық орталық музейге жиналған қауым ақынның көзіндей болған жеке заттарын жақыннан көруге мүмкіндік алды.
Қарасаздағы шаңырақтан шықпайтын қастерлі дүниелер бұл жолы қалаға жетті. Ақынның киімдері, күнделікті серігі болған заттары мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бұйымдар Ұлттық орталық музейде жұртшылықпен қауышты. Алыс ауылға ат ізін салуға мүмкіндігі жоқ қала тұрғындары мен қонақтары, әсіресе жас ұрпақ Мұқағали әлемімен жақыннан танысты. Бұл бұйымдардың барлығы Мұқағали Мақатаевтың мемориалды музейінде сақтаулы.
Назира Жексенбекова, ҚР Ұлттық орталық музейдің мәдени білім бөлімі жұмысының жетекшісі:
- Оны әкелген себебіміз бұл қала тұрғындары және қала қонақтары мына атамыздың өзінің саусағының ізі тамған терісі сіңген киімдерін қол заттарын көрме енді Қарасаз ауылына барып көру оңай емес сондықтан осы жерде қала қонақтары мен қала тұрғындары мына жасөспірімдер өсіп келе жатқан студенттеріміз бәрі көрсін деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз.
Кешке Мұқағали Мақатаевтың келіні, әдебиеттанушы Бақытгүл Айдарова арнайы қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ол ақынның бірқатар жеке заттарын Ұлттық орталық музей қорына табыстап, мәдени мұраның сақталуына тағы бір маңызды үлес қосты.
Бақытгүл Айдарова, М.Мақатаевтың келіні:
- Атамыздың шығармашылық өмірі осы Алматыда өтті. Сондықтан да бізге де бір сый жасасаңыз дегеннен кейін осы атамыздың қолында ұстаған бір-екі, үш шынысын сонымен тарелкасын алып келдім. Оның сыртында атамыздың соңғы өмірінің соңғы күндерінде киген пижамасы бар. Жаңағы экспонатты артынан арнайы өзім осы орталық музейге келіп тапсырамын.
Әдеби кеш барысында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері Мұқағали поэмаларынан үзінділер оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ, ақынның көзін көрген замандастары, ізбасарлары жүрекке жеткен естеліктерімен бөлісті.
Бақыт Жағыпарұлы, ақын, журналист:
- Мұқағали Мақатаев мейлі қандай жұмыста жүрсе де, ізденген, оқыған, тоқыған. Еркін Мүтәлімов айтатын: Мұқағали ауылда, Қарасазда жатып-ақ Батыс, Шығыс классиктерін зерттеп, танып оқыды. Одан қалған кітаптарды одан кейін мен оқитынмын,-дейді. Көрдіңіз бе? Ал енді Мұқағали деген әрбір өлеңін алып қарасаңыз, биыл оқыған өлеңіңізді келесі жылы оқысаңыз, тіпті басқа сипат беруі мүмкін.
Ақынның туған күні ақпанның 9-ы. Биыл 95 жылдық мерейтой аясында ел көлемінде бірқатар мәдени іс-шаралар өтеді. Ән-жыр кештері, ғылыми конференциялар, поэтикалық кездесулер ұйымдастырылады. Мұқағали шығармашылығы өміршеңдігін жоғалтқан емес. Жарты ғасыр бұрын жазылған жырлардың бүгін де халық жүрегіне жол табуы – ақын мұрасының мәңгілік екенін аңғартты.
Ернұр Рысбай, Эдуард Кон
Тегтер #Мұқағали Мақатаев #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz