RU
Толық нұсқаға өту

Катарда Қазақстанның мәдениет күндері басталды

04.02.2026, 23:09 784

Өнер керуенінің шымылдығы Доха төріндегі концерт залында түрілді.

Мәдени іс-шара, мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісім негізінде ұйымдастырылды. Ауқымды делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Төрт күндік бағдарлама, қазақ-қатар ынтымағын арттырып, ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеуді көздейді.

Доха дүниеге ең мәшһүр шаһарлардың бірі. Бір кездері атақ-даңқы дүркіреген Вовилон, Исфахан, Дамашық секілді қалалардың заңды жалғасы іспетті. Қазір Таяу Шығыстағы аса маңызды мәдени-экономикалық оқиғалардың бір бөлігі Қатар астанасында өтеді. Демек, қазақ өнерінің керуені бағытты мұнда бұрғаны кездейсоқ емес. 

Мәдени күндердің салтанатты ашылу рәсіміне Астанадан үкімет басшысының орынбасары арнайы келді. Ауқымды іс-шара аясында Аида Балаева әріптесі Шейх Абдуррахман бен Хамад бен Джасим Әл Танимен кездесті. Қос тарап қазақ пен қатарды байланыстыратын маңызды бағыттар бойынша пікір алмасып, ортақ құндылықтарды зерделеді. Креативті бағыттағы өзгерістерге баса мән берілді. Бұл ретте, Қатар серпінді даму жолына түскен. Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстанның бұл салада көздегені көп. Араб мемлекетімен ауқымды ынтымақтастық орнатып, тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын. 

Нассер әл-Малки, Қатар мәдениет министрлігі халықаралық әріптестік департаментінің директоры:

- Осындай іс-шаралар елдеріміз арасын жақын қыла түседі. Бұл әлемдік тәжірибе. Қазақстандық әріптестеріміздің ауқымды бағдарламамен Қатарға табан тіреп, достық байланыстарды тереңдетуге күш салып жатқанына қуаныштымын. 

Ерекшелігі сол, көшпелі өмір салты екі елге де тән. Сол дәуірдің дәстүрі әлі күнге қастерлі. Мұндай байланыс кез келген бағытта бірлескен жаңа жобаларға жол ашары сөзсіз. Әсіресе, әдеби саладағы ынтымақтастықтың берері мол. Осыны ескерген министрлік басшылары ведомствоаралық іс-қимыл шараларын әзірлеу жайын қарады. Жоспар жүзеге асса, ақын-жазушылар кітабы қос халықтың тіліне аударып, суретшілер өзара тәжірибе алмаса бастауы мүмкін. 

Амаль әл Кааби, Қатардың мәдениет министрлігінің қызметкері:

- Қазақстан ежелгі тарихқа бай мемлекет. Халқы кең жүректі. Салт-дәстүрлеріңіз тереңнен тамыр тартатынын білем. Осындай рухани тұрғыда бай қуатты халықтың мәдениетімен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін алғысым шексіз. Ынтымағымыз артып, байланысымыз беки берсін!

Бұл күні қазақ өнерпаздары Доха көгін ән мен әуенге бөледі. Мәдени бағдарлама шымылдығы гала-концертпен түрілді. “Жошы” этно-фольклорлық ансамблі мен ұлттық аспаптар оркестрі жергілікті көрерменге ұлы дала сазын жеткізсе, бишілер тобы ырғақты қимыл-қозғалыстарымен ерекшеленді. 

Концерт қазақтың классикалық музыкасын сан қырынан көрсетті. Күйіміз күмбірлеп, жырымыз төгілді. Өнерпаздар араб тілінде де ән шырқап, тыңдарманын баурады. Осыдан соң ресми делегация Қатар астанасындағы Дарб Әл Сағи кешенін аралады. Еліміздің мәдениет күндері негізінен осы алаңда өтіп жатыр. Бірнеше күн бойы тарихи-мәдени орталықта тақырыптық концерт, көрме, қолөнер шеберлерінен дәріс және ұлттық асханамыз дәріптеледі. Қазірдің өзінде, тарихтан белгілі жәдігерлерімізді көпшілік қызыға тамашалай бастады. Қорыта айтқанда, мәдениет күндері Қазақстан-Қатар қатынасын жан-жақты айшықтай түсті. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық артты. Енді елімізге таяу арада Қатар тарапы өнерпаздарын әкелуге ниетті.

Рауан Мыңбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz