RU
Толық нұсқаға өту

Ұлы дала құндылықтары ұлықталды

08.02.2026, 19:50 286

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндері аяқталды. Бір аптаға ұласқан ауқымды бағдарлама аясында ұлы дала құндылықтары кең дәріптеліп, өнері ұлықталды.

Әсіресе этно-фольклорлық бағыттағы концерт көпшілік қызығушылығын туғызды. Қазақстандық өнерпаздар бірнеше күн бойы Доханы думанға бөлеп, мазмұнды кештер өткізді.

Доханың «Дарб Әл Саи» тарихи-мәдени кешені бірнеше күн бойы қазақы кейіпке енді. Ұлттық құндылықты ұлықтаған топ томағалы бүркіт пен құмай тазыны көрсетті. Қазанда 1 тоннадан аса ет қайнады. Еңбек ақталды, әрине. Кәсіп тоқтамай, сауда қызды. Ал қолөнер шеберлері қауырт тірліктен қол үзбеді. Ерлер мен әйелдерге арналған шапан, кимешек, жаулық және орамалдың түр-түрі сатылып, ісмерлер өз ісінен береке тапты.

Тілек Сұлтан, этнодизайнер:

- Біздің киімдер бұл кісілер үшін экзотика болып жатыр. Қыстық ішіктер, тондар, сан алуан, зерленген, кестеленген киімдер бұл кісілер үшін ерекше болып, барлығы киіп көргісі келіп жатыр.

Қатарлықтарға ұсынылған қазақы киімнің көбі зермен тігіліп, күміспен күптелген. Аса бағалы әрі көркем. Қазақстандық танымал дизайнерлер ұмыт бола бастаған үлгілерін жаңғыртып, кең қолданысқа енгізіп отыр. Қатар мәдениет министрінің жұбайына осындай түйе жүнінен тоқылған киім сыйға тартылды. Ал Шейх Абдулрахман бен Хамад бен Джасим Әл Таниға домбыра берілді.

Айжан Рахымбайқызы, этнодизайнер:

- Мақсатымыз – Қазақтардың мәдениетін әлемге таныту үшін келіп отырмыз. Біз Ақтау қаласынан түйе жүнінен сырылып тігілген ұлттық киімдерді алып келдік. Қала қонақтары қызығушылық білдіріп, алып жатыр.

Ұлы дала сазын заманауи үлгіде күллі әлемге танытып жүрген «Жошы» ансамблі айтулы өнер керуенін жалғады. Ұлттық аспаптарды шебер меңгерген қыз-жігіттер қазақ фольклорын жаңаша қырынан көрсетті. Жасалу әдісін де таныстырды. Домбыра, жетіген, қобыз және даңғыраның үнінен өрілген әуен көпшілікті бей-жай қалдырмады. Концертке Доха тұрғындары мен Қатарда тұратын қазақстандықтарды қоса есептегенде 500-дей көрермен жиналды.

Абдулазиз Әл-Хулаки, Доха қаласының тұрғыны:

- Қазақстанның өмір салты, дәстүрі мен құндылықтары жайлы көп деректі фильм көрдім. Сырттай естіп-білім жүргенім бар. Енді сол бай мәдениет пен тұтастай өркениеттің бір бөлшегі Дохада кең салтанат құрып жатыр. Өте тамаша. Тақырыптық көрме, концерт, көпшілік іс-шаралар халықтарымыз арасындағы байланысты бекем қылуда. Ынтымағымыз арта берсін!

Хадра Берува, Доха қаласының тұрғыны:

- Концерттен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Аспаптардың дыбысы, әртістердің орындау шеберлігі ерекше әсерге бөледі. Барлығы ұнап жатыр. Ұлттық тағамдарыңыз да айрықша.

Концерттік бағдарлама түс ауа басталып, түн ауғанша жалғасты. Этноауылда өткен спорттық сайыстар қазақы сән-салтанаттың мазмұнын байыта түсті. Тарихқа үнсіз сапар шеккізетін музей тұрақты жұмыс істеп, көне дәуірдің көрінісін айшықтады. Кейін жергілікті тарап көрсетілген құрмет пен ықыласқа алғыс білдіріп, мәдени іс-шаралар легі алдағы жазда Астанада жалғасатынын жеткізді.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz