Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні.
"Күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жапқан" шайырдың туғанына - 95 жыл.
45 жыл ғана өмір сүрген ақынның Қарасаздан өрілген өлеңі Хан тәңіріндей биікке көтерілді. Ол заманының мұң-зарын жырларына арқау етіп, халқының көкейіндегісін дөп басып айта алды. Оның өлеңдері сонысымен өміршең.
Поэзия! Менімен егіз бе едің?Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Осылай деп жырлаған ақын өмірін өлеңге арнады. Алаулаған таңнан да, қарауытқан таудан да позия іздеді, сол жолда өшпес із қалдырды. Бес күн тіршілікте атаққа алданбай өміршең жырлар жазды.
Жұлдыз Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың ұлы:
- Қазақ халқының пейілі, ықыласы әр қащанда біздің әкемізге тұрақты. Әкеміздің сол арасындағы қазақ өнерінің арасындағы беделі өте үлкен. Уақыт өтсе де мынау қазақ халқының әкемізге деген ықыласы, әкемізге көзқарасы, оның позиясына деген сүйіспеншілігі әсте бәсенсіген емес. Жылдан жылға өршімесе, кеміген жоқ.
Мұқым елдің Мұқағалиы 1931 жылы тоғызыншы ақпанда Алматы облысында дүниеге келді. Балғын балалық күндері соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, тағдырдың теперішін көп көрді. Әкесінен ерте айырылған ол еңбекке ерте араласты. Шығармашылығы да сол еңбек арқылы шыңдалды.
Бақытгүл Айдарова, Мұқағали Мақатаевтың келіні:
- Ол кісі кішкентай ғана ауыл Қарасаздан шыққан қарлығаш. Солай деп басында айтылған. Бірақ сол кішкентай ауылда тұрып, қаншама тағылымды дүниелерді өзінің Алла Тағаланың берген талантымен, еңбекқорлығымен, жанкештілігімінен жолын тапты ма деп ойлаймын.
Мақатаев мыңнан астам өлең жазды. «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда» сынды жыр жинақтары жұрттың жадында жаңғырып тұр. Ал оның сөзіне жазылған әндерді әлі күнге дейін ел сүйіп тыңдайды.
Солардың сабында «Сарыжайлау», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Ана сен бақыттысың» секілді шығармалар бар.
Елена Әбдіхалықова, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Менің төлқұжатыма айналған бір әнім бар. Ол Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» деген ән. Бұл өлеңге мен Мұхаңның көзін көрген жоқпын. Жиырма жасымда жаздым, балалық шағымызда, жастық шағымызда , жүрегіміз таза уақытта жазылған. Енді ХХ ғасырдың ұлы ақыны дейтін бұл кісі атақ алды. Шынында Ұлылық деген халықтың жүрегімен өлшенетін дүние. Мұхаң мүмкін тірі кезінде шекесі шылқып өмір сүрмеген шығар, бірақ ол қазақ халқының аяулы ақыны, ұлы ақыны.
Иә, Мұзтаудың Мұзбалағы жан жарасын жырмен емдегісі келді. Ондайда ол,
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, деп жырлады. Алайда ақын шығармашылы өзі айтқандай архивтен емес, Алты алаштың жүрегінен орын тепті. Бүгінде Мұқағали өлеңдерін білмейтін бұқара кем.
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде. Ақиық ақын өз өлеңінде осылай деді. Айтты, айтқаны айнымай келіп, аурухана төсегінде тағдырға қол бұлғап кете барды. Алайда оның өміршең шығармашылығы қазақ ұлтымен мәңгілік бірге күн кешіп келеді.
Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Әбділахат
Тегтер #Мұқағали Мақатаев #24KZ #ақынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz